Қызылқоға ауданындағы Мұқыр мен Сағыз ауылдарында жазғытұры әдеттегідей су жетіспеушілігі басталады. Күніге екі сағаттан берілетін су арынның аздығынан шет үйлерге жетпей қалады екен. Амал жоқ тұрғындар суды ақша төлеп, көлікпен алдырады.
- Жыл сайын осы жағдай. Су құбыры тартылғалы ауламыздан қазып алған жерасты құдығын пайдаланбайтынбыз, енді соны қайтадан қалпына келтірудеміз. Бірақ жерасты суы ащы, - дейді тұрғындар.
Көршілес отырған екі ауылға ауыз су Ақтөбе облысындағы жер асты суларынан бастау алатын «Кереген-Сағыз-Жамансор» құбыры арқылы келеді. Сумен қамтушы - «Садықов» ЖК.
- Төрт жылдан бері дәл осы жағдай. Қазір суды уақытпен береді, жасыратыны жоқ, кейде екі-үш күндеп мүлдем су болмай қалатын кездер болады. Себебі, сорғылары істен шыққан. Мердігер жұмысын толық атқара алмайды, техникасы мен адамы жоқ, - дейді Сағыз округінің әкімі Қуанай ІЗМАҒАМБЕТОВ.
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат КЕНЖЕБЕКОВТЫҢ айтуынша, «Кереген-Сағыз-Жамансор» құбырынан су көбірек келу үшін бастауынан тағы да қосымша 3 ұңғыма қазу керек. Қазір сол бойынша Ақтөбе облысының кәсіпкерлерімен келіссөздер жүріп жатыр екен.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА