Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ құқыққорғау органдарын цифрландыру жөніндегі ведомоствоаралық комиссия отырысын өткізді. Кездесу жылышырай атмосферада өтпеді. Мысалы, басқа аймақтармен салыстырғанда техникалық тұрғыда жақсы жарақталғанына қарамастан Атыраудағы күш құрылымдары электроника бойынша артта қалып отыр.
Облыс прокурорының орынбасары Бауыржан ЖҰМАҚАНОВ 2017 жылы қажетті жабдықтармен жарақтау үшін жергілікті бюджеттен Полиция департаментіне 406 млн теңге бөлінгенін хабарлады. Атап айтқанда 262 компьютер алынған:
- Содан бері қарай 3418 қылмыстық іс тіркелді. Бірақ олардың 934-і ғана электронды форматта. Бұл өте төмен көрсеткіш. Тек прокуратура араласқаннан кейін ғана біз ел бойынша 16-орыннан 11-орынға дейін көтерілдік. Ал біздің Батыс Қазақстан облысындағы көршілеріміз 4-орында.
Өткен жылы 211 планшет сатып алынды, тағы 762 дана алу жоспарланған. Айта кету керек, қолда бар планшеттер шынымен де хаттамаларды тез рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұған өткен жылдың қарашасында полицей рейді барысында «АЖ» тілшісі куә болған еді.
Атырау облысының прокуроры Халидолла ДӘУЕШОВ:
- Ақтөбе, Атырау және Ақмола облыстарында электронды істер аз. Ақмола облысы қажетті техникамен бар болғаны 3 пайызға, Ақтөбе 30 пайызға, ал Атырау 75 пайызға қамтылған. Қолда бар нәрселер пайдаланылмай тұр.
Жағымсыз сынға Ноғаев та қосылды:
- Бұл полицияға ғана емес, атқарушы органдарға да қатысты. Осындай қомақты қаржылар бөлінеді, ал жұмыс тоқтап тұр. Ертең қаржылық бақылау қызметі бізден сұрайды. Әлібек Ибатоллаұлы (облыс әкімінің орынбасары) бұл мәселе бәрімізге қатысты, бақылауға алыңыз.
Атырау облыстық МКД Экономикалық тергеу қызметі бастығының міндетін атқарушы Дәулет АҚЫЛБЕКОВТІҢ айтуынша, олардың жұмыс ерекшелігіне қарай электронды форматпен жұмыс істеу мүмкін болмай қалып жатады, қылмыстық істерде құжаттар өте көп екен. Бірақ қолдарынан келгенін жасап жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы департаментінен мәжіліске басшысы Нығмеджан САПАРОВТЫҢ орнына штаб бастығы Рафаэль ТӨЛЕШОВ келді. Бұл бірден облыс әкіміне ұнамады. «Бізде бәрі жақсы» деген Төлешовтің жалпылама сөздерінен кейін Ноғаев ашуға ерік беріп:
- Біз мында маңызды проблеманы талқылау үшін жиналамыз, кейбір қатысушылар дайындықсыз келген. Сапаров маған цифрландыру туралы есеп дайындасын және келесі жолы өзі келсін. Маған сұрақтарға жауап бере алмайтын өкілдері керек емес.
Ол Полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхамбет МҮТӘЛИЕВТІ де орнынан тұрғызды. Атап айтқанда, бұрынғыша қылмыстық жолмен келгені айқын бұйымдарды – зират қоршауларын, электр тарату желілерінің үзінділерін және т.б. қабылдайтын металл сынықтарын қабылдау пункттерінің жұмысы туралы әңгіме қозғалды.
- Бір жыл бұрын мен осы тақырыпты қозғадым, рейдтер өткізуді тапсырдым. Нәтиже қайда? Осындай ұрылардың кесірінен, мәселен, Зарослый ауылы жарықсыз отыр.
Отырыс аяғында Ноғаев соңғы жылдары көбейіп кетіп, шаңырақтарды шайқалта бастаған букмекерлік кеңселердің жұмысына полицияның назарын аударды:
- Адамдар бір күннің ішінде айлық жалақыларын тастап, табыссыз қалады. Тіпті, әйелдер де байқалады. Рейдтер жүргізіп, заңсыз қызмет фактілерін анықтау керек. Мұның бәрі сайып келгенде қоғамдық қауіпсіздікке әсер етеді. Бұл кәсіпкерлік қызмет, біз олардың жұмысына араласпаймыз, бірақ олар да заң аясында жұмыс істеулері тиіс.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор