Жыл басынан бері Атырауда жаяу жүргінші өткелінен 25 адамды көлік қағып, оның 5-уі көз жұмған болатын. Осынау сұмдық статистикаға байланысты жол полициясының қызметкерлері арнайы рейд ұйымдастырды. Бұл рейдке “АЖ” тілшісі де қатысқан еді. Жол бөлігін бақылау нәтижеcі көңіл көншітпеді, бұл мәселенің осы цифрлармен шектелуі неғайбыл.
ӘЙЕЛ ЛОГИКАСЫ ЖӘНЕ ФИКСАТОР
Атырау жергілікті полиция қызметінің аға лейтенанты Руслан СЕРІКБАЕВПЕН және аға сержант Нұржан МЕРАШЕВПЕН бірге Сәтпаев көшесінің бойындағы “Академия” аялдамасының жанына тоқтадық. Сол жерден Volkswagen Polo рөлінде отырған әйелдің жаяу жүргінші өткелінен өтпек болған мектеп оқушысын жібермегенін көрдік. Байқамағанын айтып ақталғанымен, ӘҚБтК 600-бабына сәйкес, 24 050 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Екінші ереже бұзушы да нәзік жандылар қатарынан. Ол бұзған ереже де осындай. Әйел еш кінәсі жоқ екенін айтып, наразы бола бастады. Бірақ полицей көлігінің ішіндегі бейнефиксатормен дауласу қиын. Планшеттің көмегімен оған санаулы минуттарда хаттама толтырып, айыппұл 7 жұмыс күні ішінде төленсе, 50 пайыз жеңілдік болатынын еске салды.
Тағы бір жеңіл көліктің Руслан есімді жүргізушісі де жаяу жүргіншіні өткізбей, “әдейі еместігін” айтып ақталды. Бірақ ол да айыппұлдан құтылмады. Руслан хаттамасын алғаны сол еді, полицейлер №14 жаңа автобустың балақайды жолдан өткізбегенін көрді. Салон іші жолаушыларға толы болғандықтан кондуктор осы жағдайды пайдаланып қалғысы келді:
- Кісі көп екенін көріп тұрсыздар ғой, бәрі асығып тұр. Сіздердің кесіріңізден кестеден қалыс қаламыз.
- Сіздер жаяу жүргіншіні өткізбедіңіздер. Әкімшілік кодекске сай хаттама толтырамыз, - деді полицейлер. Жолаушыларға автобустан түсіп, басқа автобусты күтуге тура келді. Жүргізушіге қатысты хаттама толтырылды.
ЖАЛТ ЕТІП ҒАЙЫП БОЛДЫ
Әрі қарай экипаж қала ішін аралап жүрді, ендігі мақсат - жаяу ереже бұзған жүргіншілерді анықтау. Ұзақ жүрмедік: облыстық сот ғимаратының жанындағы жаяу жүргінші өткелінен алыстау жерден жүгіріп өтіп бара жатқан ер адамды көрдік. Ол адвокат куәлігін көрсетіп, қатты асығып бара жатқанын, бес минуттан кейін сот отырысы басталатынын айтты. Ал жалпы оның пікірінше, алғаш рет мұндай ереже бұзушылыққа айыппұл емес, ауызша ескерту беріледі екен. Бірге Әкімшілік кодекстің “Жаяу жүргiншiлердiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы” деген 615-бабын қарадық, заңгер қателісіпті. Полицейлер оған екі АЕК мөлшерінде айыппұл салды.
Әрі қарай қозғала бергенде, жолдың тиесілі емес жерінен екі жігіттің өтіп бара жатқанын көрдік. Өздеріне екі полицейдің келе жатқанын көрген олар жалт етіп бұрылып, асқан жылдамдықпен зымырап, тұрғын үй массивіне кіріп ғайып болды. Полицейлер мәнісі жоқ және ұсақ ереже бұзушылық болғандықтан олардың арттарынан қумады.
Соңғы аялдамамыз - университетке қарай баратын Студенттер көшесі. Полицейлердің айтуынша, бұл жерде бірнеше жаяу жүргінші өткелі бар. Бірақ студенттер, әдетте, оған мән бермейді. Сол мезетте сарбаз формасындағы бір жігіт ережеге қайшы белгіленбеген жерден өтіп кетті. Сөйтсек, ол әскери кафедрада оқиды, ал ол жерде аптасына бір рет сабаққа әскери киім киіп бару керек екен. Оған да екі АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Белгіленбеген жерден жолдан өтіп бара жатқан жас қызды тоқтаттық:
- Аға, тап қазір интернет арқылы төлеуге бола ма? - деп сұрады ағылшын тілінің болашақ мұғалімі.
- Иә, әрине.
Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА, Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
- 2 рейд күні ішінде 779 жол қозғалысы ережесін бұзушылық анықталды, соның ішінде, 63-і - жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеуі, 182-сі – жаяу жүргіншілердің ереже бұзуы.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор