Атырау, 24 қараша 20:27
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бостандықта пайдаға асар кәсіп

Сурет
4 837 просмотра


Қала көшелеріндегі кеспе тастардың қайдан келетінін ойлап көрдіңіз бе? Балаңыз отыратын мектеп партасын кім жасайды? «АЖ» тілшісі халық арасында «66-зона» деп аталатын ерлер түзету колониясында (УГ-157/9 мекемесі) осы сұрақтардың жауабын алған еді.

Қаладан «зонаға» тек бір жолмен ғана - «Стройконторадан» химзауыт жаққа қарай, одан АЖЭО «жылы каналы» арқылы шағын көлік көпірінен өтетін жолмен баруға болады.

Айтпақшы, оны үш жыл бұрын каналға автокран құлап кеткеннен кейін қайта салған болатын, жолай бүлінген жол да жөнделді. Қазір абақтыға баратын жол «зырғып» тұр.


«66-зона» кез келген түзету колониясы секілді екі бөлікке бөлінеді: тұрғын және өнеркәсіп аймағы. Тұрғын аймақта – барактар, монша, асхана, өнеркәсіп аймағында – жұмыс цехы мен өндірістік нысандар бар. Біз тек өнеркәсіп аймағына ғана аяқ бастық. Ол жерде УГ-157/9 мекемесінде жазасын өтеп жатқан 310 адамның 145-і жұмыс жасайды. Яғни, сотталушылардың жартысына жуығының жұмысы бар. Бұл жердегі жұмыс күнінің «азаматтық» еңбек күнінен еш айырмашылығы жоқ. Сағат 9-дан 18-ге дейін түскі үзіліспен жұмыс жасайды. Тек жұмысқа қарауылмен барады, құрал-саймандар қатаң бақылауға алынған.


Тұтқындар жергілікті «Еңбек» РМК филиалында – қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты кәсіпорында еңбек етеді. Бұл жерде кеспе тастар, дуалдар, есіктер, мектеп парталары жасалады. Тұтқындар сәнділігімен ерекшеленетін қолөнер бұйымдарын да жасайды. 40-60 мың теңге жалақы алады.


- Күніне бір ауысым 50-100 шаршы метр кеспе тас шығарады, - дейді «Еңбек-Атырау» директоры Нұрлан ЕСҚОЖАЕВ. – Басқа цехта бір ауысымда 50 дана жиектастар шығарамыз. Негізінен келісімді жалақымен жұмыс істейді.

«Тапқан табысын қалай жұмсайды?» деген сұрағыма алаяқтықпен сотталған Ербол ӘБІШЕВ жауап берді:

- Жалақым 40 мың теңге. Жартысы соттың талабын өтеуге кетеді, қалғанын үйге жіберемін немесе аптасына бір рет ашылатын дүкенімізден қажет заттарымды аламын. Көбіне сабын, темекі, кәмпит аламыз.

- Жұмыс қалай?

- Жақсы. Жалпы ақша үшін емес, уақыт өткізу үшін жұмыс істеймін. Әрі бостандыққа шыққанда бұл тәжірибем пайдаға асып, құрылыс компаниясынан жұмыс табармын деп ойлаймын.


Қазір олар Индер ауданына жіберу үшін кеспе тастар шығаруда. Цехта ондаған дайын металл есіктер тұр. Есқожаевтың айтуынша, олар Индер ауданының Елтай ауылындағы балалар лагеріне арналған.



«Зонада» жаңа пісірілген нанның бұрқыраған иісі танауды жарады. Өз наубайханаларында тәулігіне 500 бөлке нан пісіріледі екен, бұл «зонаның» өзіне және көршілес тергеу абақтысына жетеді. Кейде қаладан да тапсырыстар қабылдайды.

- Біздің нанымыз дәмді, қаладан ондай нан таба алмайсың. Бұл жерде бөлке нанның салмағы да нормаға сай келеді, - деп мақтанып қойды УГ-157/9 бастығының орынбасары Ернұр МҰСАЕВ.



Ал қолөнершілер жеке шеберханада жұмыс істейді. Тұтқындардың өздері оны «кустарник» деп атайды. Шеберлердің бірі әйгілі лондондық «Биг-Бенді» аяқтап жатыр екен. Сіріңке, желім және лак қолданылған туынды түпнұсқадан еш айырғысыз. Бұл жерде тамаша сатылым үшін зергерлігімен тәнті қылатын  кәдесый нардалар, кемелердің макеті және көптеген нәрселер жасалады.



- Бұл жұмыста бастысы шыдамдылық керек. Мәселен, «Биг-Бенге» үш ай уақытымды жұмсадым. Есесіне осындай керемет дүние жасалды. Әдемі емес пе?! Бостандықтан осындай нәрсені тауып көрші! – деді Вестминстер сарайының сағат мұнарасының жергілікті авторы мақтанышын жасырмай.  



...- Әрине, біздегілердің бәрін жұмысқа орналастырғымыз келеді, бірақ оған тапсырыстар аз болып тұр, - дейді УГ-157/9 басшысы Думан ТӘЖЕНОВ. Тұтқындар жұмыс жасағылары келеді, өйткені жалақыларынан сот талаптарын өтей алады және бұл шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу үшін жақсы мүмкіндік. Егер адам бір нәрсемен айналысса, уақыт та тез өтеді.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

31 мамыр 2019, 10:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.