Атырау, 24 қараша 20:33
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қала маңындағы ауылдар Атырауға қосылады

4 337 просмотра

"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

2016 жылы Атыраудың Бас жоспары бекітілді. Соған сәйкес, облыс орталығы негізінен қала маңындағы Талғайраң ауылының аумағында жоспарланған серігі - Лаэти қаласының (жақын жердегі көне қалашықтың атауымен) есебінен кеңейеді. Бұл туралы Атырау облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын АРЫСТАНОВА брифингте хабарлады.

Лаэтиде әзірге 100 гектар жерге тұрғын үй массивінің құрылыс жоспары бекітілді. Бұл жерде көппәтерлі 137 үй, әлеуметтік-мәдени маңыздағы нысандар салынады. Бірінші кезеңде таяу уақытта бес қабатты 24 үйдің іргетасы қаланады. Тоғыз қабатты 46 үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Қала серігінің жалпы алаңы 1300 гектар, бұл жерде барлығы көппәтерлі 365 үй салынып, 75 мың адам қоныстандырылады.

14 мамырда облыс әкімдігінің қаулысымен Исатай ауданы Зинеден (Забурын) ауылының теңіз жағалауына алаңы 300 га демалыс аймағын салу жоспары бекітілді. Ол жақта мейманханалар, коттедждер, жартасқа өрмелеуді дамытуға арналған аттракцион, картингке арналған алаң, веложолдар жоспарланған. Осы жерлерде ауысыммен 500 балаға дейін қабылдай алатын демалыс лагерінің жобасы бөлек қаралуда.

Атыраудың оң жақ жағалауындағы үйлерді бұзу жұмыстарына келер болсақ: Бас жоспар аясында 2035 жылға дейін мұнда ауданы 430 гектар жердегі үйлерді күреу жоспарланған. Негізінен бұлар қаланың ескі бөлігі. Өткен жылы 18 гектар бойынша жұмыстар басталды. Ол жерде 268 үй бұзылуы тиіс. Бұл жердегі баспананың 171 меншік иесі келісімшарт жасаған, енді өтемақы алады, қалғандарымен келіссөздер әлі жүріп жатыр. Екінші кезеңде 17 гектар бойынша 345 үй күреледі. Ол жерде де меншік иелеріне өтемақы төлеуге қомақты бюджет қаржысы бөлінуі керек.

- Бас жоспар бойынша Атырау қаласында жеке құрылыс салуға басымдық берілмейді. Жеке тұрғын үй құрылысы бойынша жеке үйлер тек қала маңындағы ауылдарға салынады. 16 ауылдық округ, оған қоса Махамбет ауданының Береке және Алмалы ауылдары әкімшілік тұрғыда облыс орталығына қосылып, тиісінше, Атыраудың ресми ауданы 16 мыңнан 45 мың гектарға дейін көбейеді, - деді Арыстанова.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

27 мамыр 2019, 11:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.