Атырау, 28 сәуір 05:37
 ашықВ Атырау +22
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Атырауда ескі қала үйлерін сүру басталды

Сурет Бейнежазба
3 837 просмотра


Атырау қаласының Бас жоспарын жүзеге асыру аясында Жарбосынов, Байтұрсынов, Жангелдин, Молдағұлова, Гагарин, Нәжімеденов көшелерінде орналасқан 271 жеке меншік үйді сүру жұмыстары басталды. Бұл жерлерге халыққа қызмет көрсету орталығы, оқу орны, музей және тағы басқа әлеуметтік нысандар салынады.  

"Бас жоспар орталығы" КММ бастығы Жұмабек ЖҰМАҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, бүгінгі таңда үйлерін күреуге келісім берген 110 үй иесіне жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге өтемақы төленген. Ал өтемақы сомасына келіспегендерге «Береке» ықшам ауданында салынып жатқан көпқабатты үйден баспана ұсынылады. Егер тұрғындар осы екі нұсқаға да қанағаттанбаса, мәселе сот арқылы реттеледі.

- Өтемақының ең төмен сомасы шамамен 4-5 миллион теңгедей. Бұл жері тар, ескі үйлер үшін. Оларға «Берекеден» үй ұсынып жатырмыз, алайда оған келіспей жатқандар бар,- дейді бас жоспарлаушы.

Заңгерлердің айтуынша, тұрғындардың бағалаушы фирма анықтаған сомамен келіспеуі сүру жұмыстарын жүргізуге кедергі келтірмейді. Бұл даулардың барлығы сотта ең алдымен «мемлекет қажеттілігі» тұрғысынан шешіледі.

Мемлекет ұсынған өтемақыны үй құжаттарының дұрыс еместігінен ала алмай жүрген адамдар да бар екен. Мысалы, Жарбосынов көшесінің тұрғыны Қанатбай МҰХАМБЕТОВ көп жылдардан бері сатып алған үйін өз атына аудара алмай келе жатыр екен. Енді далада қаламын ба деп алаңдап отыр.  

Қанатбай МҰХАМБЕТОВ

- Құжаттарды өз атыма тіркеуді үйдің бұрынғы иесі қайтыс болған - 2002 жылы бастадым. Сол жылы қалалық сотқа үйді өзіме аудару жөнінде арыз бердім. Бірақ сатқан адамның ұрпағын таба алмауына байланысты сот екінші тарап  келмеді деп шешім шығармады. Осылайша мен меншік құқығымды дәлелдей алмай құжатсыз қалдым. Ал қазір әкімдік менің 31 жыл салық төлеп келген үйімді күремек,- дейді Қ. Мұхамбетов.

Күреліп жатқан үйлердің қасында жүрген заңгерлердің айтуынша, Мұхамбетов сотқа қайтадан арыз жазса, үйін өз атына аударуға мүмкіндігі бар. Оған соңғы 5 жылда төлеген коммуналдық төлемдер түбіртектері болса жеткілікті.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Сурет және бейнежазбаны түсірген автор

24 қараша 2018, 17:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.