Атырау, 24 қараша 22:54
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ұлттық бюро текетірес туралы: "Қызметкерлеріміз кінәлі емес, дегенмен..."

3 805 просмотра


15 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро басқармасының басшысы Ақбілек МЯДЫЕВА әлеуметтік желілерге таралған бейнежазбадағы Атырау облыстық департаменті қызметкерлері мен полицейлердің әрекетіне баға берді. Оның сөзі қисынға келіңкіремейді: көп сөзінде кикілжің кезіндегі Ұлттық бюро қызметкерлерінің іс-әрекеттерін ақтаса, мәлімдеме соңында олардың қатаң қызметтік жазаға тартылғанын айтады.

- 17 ақпанда Атыраудағы жергілікті полиция қызметі трассада Атырау облысы бойынша Ұлттық бюро департаментінің қызметкерлері мінген көліктерді тоқтатқан. Бұл жұмыс күні болмаған. Олардың қоғамға жат қылықтары және мас күйде жүру фактілері анықталған жоқ, - деді Мядыева. Оның айтуынша, Ұлттық бюро қызметкерлері көлік жүргізбеген. Көліктер қызметтік көлік емес және жүргізушілерінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке еш қатысы жоқ.

- Полиция қызметкерлерінің айтуынша, олар көліктерді балықты заңсыз аулауға қатысты тексеру аясында тоқтатқан. Ал көлік тоқтатылған жер «Ақжайық» мемлекеттік резерватына жатпайды. Бұдан басқа, «Бекіре-2019» балық қорғау акциясы тек 1 сәуірде, яғни, оқиғадан кейін бір жарым ай өткен соң басталған. Мядыева полиция қызметкерлерінде көлікті тоқтату үшін құқықтық негіз болмағанын мәлімдеді:

- Рұқсат етілген жылдамдықтан асырмай, жол жүру ережесін бұзбағандықтан жүргізушілер мен жолаушылардың көліктерді тоқтату себебін сұраулары орынды. Сондықтан ведомствомыздың қызметкері полицейлерді де заңды негіз жоқ жерде пара алды деп тұтқындаса, дұрыс бола ма деген сөзі түсінікті болып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл сөздер мәнмәтіннен қиылып алынған және кейбір интернет-ресурстарда қоқан-лоқы көрсету және қызметтік лауазымын асыра пайдалану сияқты көрсетілген. Бейнежазбаны толық қараған кезде, полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатқанда өздерін таныстырмаған, тоқтату себебін түсіндірмеген, жүргізушінің талабы бойынша қызметтік құжаттарын көрсетпеген. Бұдан басқа, полицияның бейнетіркегіш материалдары заңға сәйкес тек қызметтік мақсатта қолданылуы тиіс.

Брифингтің соңы күтпеген жайтпен аяқталды: Мядыева Атырау облыстық департамент басшысының орынбасары Мәлік УАЙСОВТЫҢ қызметінен босатылғанын, басқарма жетекшісі Бақытжан ҒҰБАЙДУЛЛИН қызметіне толық лайық еместігі жөнінде ескерту алып, ал «бақылауды қамтамасыз ете алмаған» департамент басшысы Нығмеджан САПАРОВҚА қатаң сөгіс берілгенін хабарлады.

Ал қазір осы оқиғадағы полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттері және қызметтік тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнымен ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі айналысуда. «АЖ»-ға белгілі болғандай, бейнежетондағы ролик әлеуметтік желілерге жүктелгеннен кейін Атырау полиция басқармасының ЖБО ғимаратында қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Фархат ӘБІЛОВ

16 мамыр 2019, 11:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.