Атырауда суға батып бара жатқан әйелді құтқару кезінде қаза тапқан полиция сержанты Шалқар АҚЫМҒАЛИЕВ III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы полицейдің анасына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев табыс етті. Сонымен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен оның серігі Рүстембек СҮНДЕТОВ ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ресми шараға Атырау облысының бұрынғы әкімі, қазіргі мәжілісмен Бақтықожа Ізмұхамбетов, генерал-лейтенант Абай Тасболатов және полиция ардагерлері қатысты.
Марапаттар Атырау облыстық Полиция департаментінің мемориалында ескерткіш тақтаны салтанатты ашу барысында берілді. Тәуелсіздік жылдарында қызметтік борыштарын атқару кезінде қаза болған қызметкерлердің есімдері үш полиция қызметкерімен толықты. Олар: Асқар БИСЕКЕНОВ - 1993 жылы қылмыскерлерді құрықтау барысында қаза болған жедел уәкіл, аға лейтенант; Нұрберген ӨТЕМІСОВ - 2009 жылы қызмет барысында мас жүргізуші автокөлікпен қағып, оқиға орнында мерт болған ЖПҚ сержанты және Шалқар.
Туыстарының атынан Асқар Бисекеновтың анасы Сара МҰСАҒАЛИЕВА сөз сөйледі.
Мерекеге орай 30 шақты полиция қызметкері марапатталып, 115-інің қызметтік жазалары жойылды. Меніңше, бұған олар марапат алғаннан кем қуанбады.
Айта кету керек, танымал қазақстандық әнші Ерке ЕСМАХАН Шалқар Ақымғалиевтың рухына «1001 күн» клипін жарыққа шығарған еді. Өте әсерлі шыққан.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор және ПД баспасөз қызметі ұсынды