Атырау, 22 қараша 19:36
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атырауда полицей суға секірген қызды құтқарамын деп ажал құшты

9 656 просмотра

21 наурыз күні сағат 21:50 шамасында Атырауда орталық көпірден өзенге қыз секіріп кеткен. Куәгерлердің қоңырауы арқылы дереу жетіп, оны құтқармақ болып суға секірген полицейлердің біреуі ажал құшты. Оның денесі өзеннен түнгі сағат бірлерде табылды. Құтқарылған қыз облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә ОРАЗ оқиғаның мән-жайын хабарлады:

- 21 наурыз күні кешкі сағат 21.52-де «102» пультіне орталық көпірден бір адамның Жайыққа секіргені туралы қоңырау түсті. Атырау қалалық полиция басқармасының жеке құрамы шұғыл арада құлақтандырылды. Оқиға орнына бірінші жеткен патрульдік полиция сержанты Шалқар АҚЫМҒАЛИЕВ ойланбастан  суық суға түседі.  Өзімен бірге бөренені алып, суға түскен полиция кіші лейтенанты Рүстембек Сүндетов Шалқарға көмекке ұмтылған. Құтқарылған қыз, Батыс Қазақстан облысының тумасы жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Ал Рүстембектің әріптесін өз бетінше іздеу әрекеті еш нәтиже бермеді. 3 градус мұздай суда сіңірі тартылған 30 жастағы кіші лейтенант Сүндетов жағаға өзі жүзіп жеткен.

00-50-де Шалқар Ақымғалиевтің мүрдесі оқиға орнынан өзен ағысымен төмен жақтан табылды.

Шалқар Көшкінбайұлы көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысы. Бойдақ, 1 сәуірде 25 жасқа толатын еді. Бес жыл бойы тәртіп сақшысы болып қызмет етіп келе жатқан ол ерлік жасап, ажал құшты. 

- «Мен батып бара жатқан қызға жеткенде, Шалқар ағысқа қарсыласа алмай, батып кетті. Әйел адамды құтқару керек болды. Қыз есіріп, «ол мен үшін өлді ғой» деп айғайлап жатты», - дейді марқұмның әріптесі Рүстембек Сүндетов қайғы жұтып.


Суретті түсірген автор


- «Жағалауда ролик теуіп болған соң тынығып отырған едік. Суицид әрекетіне куәгер болдық. Бірден полицияға хабарладым,- дейді оқиға куәгері Райымбек САРБАЛИН. - Оқиға орнына дереу жеткен патрульдік полицейлердің бірі суға қойып кетіп, лезде батып бара жатқан қызға жүзіп жетті. Су суық, қызды ағыстың әкетіп бара жатқаны көрініп тұрды. Бірақ ол жігіт өмірін қатерге тігіп, оны құтқару талпыныстарын жалғастыра берді... Есімі мәңгі есте қалсын!

Фархат ӘБІЛОВ

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған сурет

22 наурыз 2019, 12:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.