Атырау, 24 қараша 22:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әрбір секунд санаулы

Сурет
4 986 просмотра


«Жедел жәрдем» жеткенше, айталық, инсульт немесе бала бір нәрсе жұтып қойса, алғашқы көмекті қалай көрсетеміз – осындай жағдайда не істеу керектігін Атырау қаласының жедел медициналық көмек көрсету станциясының дәрігерлері мен мамандары түсіндіріп берді. Өте қызықты танымдық шара бірнеше жыл бойы бригадада волонтер болып жұмыс жасаған Арман ҚАСЫМОВТЫҢ бастамасымен ұйымдастырылды. Айтпақшы, осы бір керемет жігітпен болған біздің сұхбатымызды оқып көріңізші, өкінбейсіз.  

ИНСУЛЬТ ПЕН  ИНФАРКТ СОҚСА

Инсульт – мидың қан айналымының бұзылуымен байланысты ауру, нәтижесінде мидың белгілі бір бөлігіндегі қан айналымы төмендейді немесе толығымен тоқтайды. Қан жүрісінің бұзылуымен байланысты ми қабырғалары тарылып немесе бітеліп қалса, онда ишемиялық инсульт пайда болады, ал қан тамырлары жарылған кезде геморрагиялық инсульт алады.

- Инсульттың белгілерін кез-келген адам біледі, - дейді дәрігер Лаура ЖАНЫСБАЕВА. – Адамға «Не болды?» деп сұрақ қойыңыз, ол жауап бере алмайды немесе түсініксіз жауап беруі мүмкін; одан екі қолын көтеруді өтініңіз – ол бір қолын, кейде тіпті, екі қолын да көтере алмайды.

Жедел жәрдем жеткенше, науқасты қолайлы бір жерге орналастырып, қан айналуы үшін жағасын шешіп, белдігін босату керек.

- Ал инфаркт кезінде адамның кеуде тұсы қатты ауырып, қысыла бастайды – артериялық қысымын өлшеп, науқасты қырынан жатқызып, бос қолын құлағының асты – мойынына салып, жедел жәрдемнің келуін тосу керек. Кейде инфаркт пен инсульт болған кезде науқас дірілдеп, құрыса  бастайды, егер ол шалқасынан жатса, тілі тыныс алу жолдарын жауып тастауы мүмкін. Сондықтан да қырынан жатқызған жөн. Айтпақшы, мұндайда қасықпен не басқа бір нәрселермен тілін шығарам деп тырысудың керегі жоқ, жүрегі айнып, құсық келуі мүмкін, сөйтіп тыныс алу жолдары жабылып, науқас тіпті, өліп те кетеді.

Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Ерлан СҮЙЕУҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, «терапевтикалық терезе» деп аталатын ұзақтығы 4,5 сағатқа созылатын емдеу тәсілі арқылы инсульттың алдын алуға болады екен. Егер осы уақыт ішінде білікті көмек көрсетілетін болса, онда науқас қалыпты өмірге қайта орала алады.

- Инсульт болған кезде үйдегі адамдар жедел жәрдем келгенше қандай қателіктерге жол береді? Айталық, су береді. Су беруге мүлдем болмайды, инсульт болған адам  жұтуды білмейді, ал, сіз жақын адамыңызды бір стакан сумен өлтіріп алуыңыз мүмкін. Бастысы – басын, мойынын салбырап түсіп кетпейтіндей ыңғайлы жерге дұрыс жатқызу керек.

 БАСТЫСЫ - САБЫРЛЫҚ КЕРЕК

- Жедел жәрдем шақырғанда шу шығармай, қойылған сұрақтарға  «сонша сұрақ қойып керегі не?» деп ренжіместен жауап беруге тырысыңыз. Сұрақтарды біз сырқаттың жағдайына қарай сәйкес келетін бригаданы жіберу үшін қоямыз, - дейді Лаура.

- Біз шақырту алған кезде қоңырау шалған адамға  бригада жеткенше науқасқа не істеу керектігіне кеңес беретін жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл әсіресе кішкене балалар бір нәрсе жұтып қойғанда маңызды. Телефонды қатты дыбысты байланысқа қойып, маман не айтады, соны жасай береді, - дейді Ерлан Сүйеуғалиев.

Оның айтуынша, жақында ғана жедел жәрдем жеткенше белгісіз бір нәрсе жұтып қойған алты айлық бала қайтыс болып кетті, ата-анасы байбалам салып, кеңесшіні тыңдамай тұтқаны лақтырып тастаған.


- Ал мына бір жағдайда, керісінше ана өзінің 4 жасар баласын аман алып қалды, ол бар болғаны біздің айтқанымызды жасады, - деген Лаура қатысушыларға әдістердің қалай жасалатындығын көрсетті. Оның мәнісі сол, 6 айға дейінгі  және одан кейінгі бала анатомиясында айырмашылық бар. Егер бір нәрсе жұтып қойғанда тыныс алу жолдары жартылай жабық болса, бала қырылдай бастайды, ал толық жабылып қалған жағдайда олар көгеріп, дірілдей бастайды.

- Баланы тізеңізге жатқызып, басын сәл төмен ұстаңыз, мойынын ұйқы күретамырына тигізбей саусақпен ұстап тұрыңыз. Арқасынан жәйлап қағыңыз. Қатты соғуға болмайды. Егер бұл көмектеспесе, баланы шалқасынан қаттылау жерге жатқызып, басын артқа қарай жіберіп, иегін көтеріңіз; бір қолыңыздың екі саусағын баланың ішінің жоғары жағына - қабырғалар түйіскен жерге салыңыз да, жылдам басыңыз. Қымыл барынша бөгде затты алып тастайтындай қатты болуы керек.  

Егер бұл да көмектеспесе, сіз уақыт жоғалтпауыңыз керек, балаларда клиникалық өлім 3-4 минутта-ақ басталып кетеді. Баланы тегіс жерге жатқызып, аузын ашып, мұрнын жауып өкпеге жасанды ауа беру жасайсыз. Баяу дем саласыз, жиі және қатты істейтін болсаңыз, баланың өкпесі көтермей жарылып кетуі мүмкін. Кішкентай баланың кеудесіне  массажды 2 минутқа дейін екі бас бармақпен жеңіл басып жасайды.

- Бұл жағдайда біз затты кеңірдекке қарай итереміз де тыныс алу жолын ашамыз, одан әрі оны хирургиялық жолмен алып тастауға болды, - деп түсіндірді дәрігер.

Бір нәрсе жұтқан жасы үлкендеу балаларды біз арқасынан қатты соғамыз, бірақ бұл дұрыс емес. Баланы жартылай еңкейтіп тұрғызып, арқасына жәй ғана қағу керек, бұл көмектеспесе, баланы тізеңізге отырғызып, ішіне бір қолыңызбен ішін ұстаңыз. Сол ішке қойған қолыңыздың жұдырығын түйіп, бас бармағыңыз жағымен орта тұсынан тіреп, екінші қолыңызбен баланың арқасынан ұстайсыз. Жұдырығыңызбен ішті шапшаң басасыз. Қимылыңыз тіреліп қалған іштегі затты итеріп жіберетіндей күшті болуы керек. Бірнеше рет қайталайсыз.  

 

ҚҰРЫСЫП ҚАЛҒАН ЖАҒДАЙДА

Науқасты өткір, қатты және кескіш заттардан сақтандыру керек. Адамның құлап кетуіне жол бермей, тілін тістеп қалмау үшін басын бір қырына қаратып жатқызады. Дәрі, су бермейді, тек күте тұру керек, кез-келген құрысу 2 минуттан соң тарап кетеді.

ЖКО БОЛҒАН ЖАҒДАЙДА

Егер сіздің көз алдыңызда ЖКО болған болса, бірден 103 нөміріне қоңырау шалып, оқиға орнын хабарлаңыз. Мүмкіндігіне қарай көліктің капотын ашып, өрт тұтанып кетпеуі үшін акмулятор клеммасын айырып тастау керек.

-Көліктің ішінде қыстырылып қалған адамды шығарам деп әуре болмаңыз, оған сіз тек қиындық тудырасыз, - дейді Ерлан Сүйеуғалиев. – Тек қанды тоқтату үшін бұрау салуға болады, одан әрі жедел жәрдемді күтесіз. Дәрігерлер алдымен басты қарайды, мойынға таңғыш салады, тыныштандыратын дәрі егеді.

Әрине, қауіп-қатерден аман болғанымыз жақсы,  дегенмен басқа түссе баспақшыл,  білгеніміз де артық етпейді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

7 мамыр 2019, 14:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.