Атырау, 27 желтоқсан 09:28
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Бүгінгінің батыры

8 493 просмотра

Ол екі жыл бойы «жедел жәрдемде» ерікті боп жұмыс жасады. Алғыс алып, адамдар өміріне араша болды, адам өлімін тіркеп, сәбидің дүниеге келуіне атсалысты. Алайда «Отан алдындағы қызметі үшін» деген жазуы бар мақтау қағазы салынған қалың конверт келгенде, ол мұның не үшін берілгенін ұға алмады. Тек бірер ай өткеннен кейін ғана түсінді. Бұл жолы оған жалпыұлттық арнадан қоңырау шалып, біздің дәуір қаһармандары туралы деректі фильмге түсуге ұсыныс жасап, өз қалауымен тегін жұмыс істейтін жанның күнделікті өмірі туралы әңгімелеп беруді өтінген еді.

Бірақ оның қаһарман екенін бұқаралық ақпарат құралдарына үнемі бөгде адамдар хабарлайды. Телеарнаға – Арманға беймәлім Лаура деген хабарлапты. Ал маған ол туралы Майкл ХАРРИСОН деген біреу өз хатында әңгімелеген еді. Енді бірер сәтте ол спамға тән жолмен кәрзіңкеге түсіп кететін еді, бірақ әлдене дұрыс басылмай қалып, ол жойылмай қалды. Хатты оқып шықтым да, қайтадан жойғым келді. Маған бұл әзіл ойын секілді көрінді: «Мен Атырау аймағындағы компаниялардың бірінде жұмыс істеймін. Сіз әріптесіммен таныссаңыз екен деймін. Оның аты-жөні Arman KASSYMOV, өзі Атыраудан. Тартымды, мейірімді, бірақ өте қарапайым жігіт. Жақында ол туралы деректі фильм түсірмекші екенін білдім. Бірақ оның қалай болғанын, ол өзі туралы кино түсіретінін маған айтқан жоқ. Ол сізге бәрін айтып береді және сіз үшін пайдалы материал болады деп ойлаймын.

P.S. Мен сізге ештеңе айтқан жоқпын».

Белгіленген жерге тінтуірді басып отырып, көрсетілген нөмірді тергенімде, тұтқаның ар жағынан Арман ұстамдылықпен:

- Ал мұны сізге кім айтты?– дегенде қатты таң қалдым.

Хатты сақтап, егжей-тегжейін анықтауға тура келді. Кешірерсіз, Майк, мұны қайдан білгенімді Арманның өзі сезіп қалып: «Менің бұрынғы әріптесім Харрисон шығар, ол сондай эмоцияға берілгіш жан...» деген еді.

 

«АЛ СЕН ЕЛІҢ ҮШІН НЕ ІСТЕДІҢ?»

Арман шынымен де өз еркімен жұмыс істейтін патриот. Қазіргі уақытта сәннен қалған бұл сөз ол үшін үлкен мәнге ие. Ол өз құрдастарынан ғана емес (жасы 22-де), мәселен, менен де көп ерекшеленеді. «Патриотизм» сөзі мен үшін «квасты» (немесе «қымызды») деген сын есіммен ассоцияциялық байланыстағы ұғым. Арманның көзінше мен тіпті бұл сөзді айтуға да жүрексіндім. Өйткені оның жүрегінде басқа, нағыз патриотизм екенін сездім. Жігіттің бойында ерекше дарындылық бар. Тіпті оның біздің заманымызға сай емес өзгеше еліктейтін тұлғасы да Дінмұхаммед ҚОНАЕВ екен. Ал бала кездегі арманы көп болған, бірінде – адамдарды емдесем десе, екіншісі...

– Қазбатта сапер боп қызмет етсем деген ерсілеу арманым болды,- деп күледі Арман. – Осыдан он екі жыл бұрын телеарнадан Ирактағы біздің бітімгерлер туралы сюжетті көрдім. Олардың миссиядан кейін қалай оралғандары, оларды қалай кездестіргені көрсетілді... Сол біздің алғашқы бригаданың қатарында болған адаммен кездейсоқ танысқан кезде жасым 18-де болатын. Оның есімі Болатбек Шатенов еді. Ол КЗ-ға барудың керегі не деген «Болашақ» студентімен пікір таластырып қалды. Ол студентті тыңдап болып: «Ал сен өз елің мен халқың үшін не істедің? Сен солардың қаржысы есебінен шетелде оқып жатсың ғой» деді. Ал әлгі студент ештеңе деп жауап бере алмады. Бірақ мен бұл сұрақты өзіме қойдым. Сол сәтте өзім үшін «мен бір нәрсе жасауға тиіспін» деп шешім қабылдадым да, бірер күннен соң «жедел жәрдемге» қол ұшын беруге кірістім.

«Жедел жәрдемге» орналасуына аяқтамаған медициналық білімі көмектесіпті. Алғашқы арманы бойынша бір жыл Астрахан медицина академиясында оқыған. Оқуға аттанар алдында тәжірибеден өтемін деп келіскен екен. Әрі қарай білім алуына қаржы проблемасы кедергі болыпты. Шетелдік студент ретінде оған курстастарына қарағанда үш есе көп ақша төлеуге тура келген, сондықтан бір жылдан кейін ол Мәскеу ашық әлеуметтік академиясына оқуға түседі. Онда бір жыл күндіз оқып, жұмыс істеу үшін сырттай оқу бөліміне ауысады. Қашағанға жұмысқа орналасады. Бірақ бір вахтаның орнына – бір ай аралда, бір ай «жедел жәрдемде» жұмыс істеген.

 

ІШ ҚАТСА ДА «ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ» ШАҚЫРАДЫ

– Мен диспетчерлерге нені қалайтынымды айтқан кезде маған күліп, бас дәрігерге жіберді. Ол ойланып отырып, неге болмасқа деп келісе кетті. Ер адамның көмегі қашан да керек қой: зембіл көтер, жәшіктерді тасы. Оның үстіне бұған дейін жедел жәрдем бригадасына шабуыл жасалған екен.

– Пациент мас болған ба?

– Иә, ондай болып тұрады. Жақында әріптесім Рабиға апайдың бетін ақыл-есі кемдеу бір пациент тістеп алды. Жай тістеп қана қойған жоқ, тісімен жақ етін жұлып алды деуге болады. Көбінесе дендері сау, бірақ ашуға булыққан адамдар бізді «Сіздерді күткенімізге екі сағат болды ғой!» деген ызалы сөздермен қарсы алып жатады.

– Олай айтулары дұрыс қой, мен де бір күні сіздерді 3,5 сағат күттім...

– Қыста болғанына сенімдімін.

– Иә.

– Неге екенін түсіндірейін. Бізде бар болғаны 13 бригада бар, қалаға бұл мүлдем жетіспейді. Әсіресе қыста ЖРВИ асқынған кезде шақыртулар саны 600-ден асып кетеді. Сонда бригада шақыртуда жүреді, ал сол кезде оны тағы екі жерде күтіп отырады. Оған қоса босқа, нақтырақ айтқанда, еріккен шақыртулары да болады. Бір қыз бар, оны диспетчерлердің бәрі біледі. Іші пысып, ішкісі келсе немесе мылжыңдағысы келсе «03»-ті тереді. Білеміз, бірақ оған бей-жай қарамауға міндеттіміз. Немесе: «тез келіңіздер, жүрек!» деп айғайлап, байбалам салып, өліп бара жатыр деп үрейлі дауыспен шақыртып жатады. Кардиобригада келіп жетсе, есікті ешкім де ашпайды. Үлгермеген шығармыз, әжей болар, о дүниеге жүріп кеткен шығар шамасы деп ойлаймыз. Ал ол әжей емес боп шығады және өз аяғымен дәріханадан келе жатады. Сенбейтін шығарсыз, жақында: «Көмектесіңіздер, іші жүрмей жатыр» деген шақырту алдық. Түсінесіз бе, сондай күлкілі ғой, бірақ біреу шынымен де өліп кетуі мүмкін. Кейде қара бастарын ойлайтын пациенттер болады. Салынып жатқан Мечников-Баймұханов көпірі құлаған кезде кезекшілікте болған едім. Көп бригада барды, жедел жәрдемнің жарты штаты шығар. Жансақтау қызметі, желілік бригадалар... Айғай-шу, жылап-сықтау. Көріністің өзі апат туралы фильмнің декорациясын еске түсіретіндей. Қас қарайып кетті. Фельдшерлер біреу-міреу жүзіп шыққан болар деген үмітпен жағалау бойын тінтіп жүр. Менің көзімше тек біреуін ғана тауып алды. Кешікпей машиналар тарай бастады. Жедел жәрдемге мұқтаж жандар күте алмайтын еді. Осыдан кейін шақыртуларға барсақ, бізге жұдырық ала жүгіруге сәл қалып, «қайда жүрсіңдер» деп дүрсе қоя берді. Сондағысы мұрындарынан қан ағып жатыр немесе «басым айналып бара жатқан сияқты» деген сырқаттар. Біз қайдан келе жатқанымызды, не болғанын түсіндіруге тырысқанда, олар бізге: «Бізге қатысы жоқ, бұл жерде біз ауырып жатырмыз!» деген жауап қайтарған еді.

 

«МАҒАН КҮЙЕУ БАЛА БОЛЫҢЫЗШЫ!?»

Шынымен де, толық ауысыммен жұмыс істедің бе?

– Иә. Күндізгі ауысымда таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істеген соң бірер аптадан кейін маған түнгі ауысымда және демалыс күндері жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Нағыз «қызықтар» сол кезде болады екен. Мен келістім. Шынымен де талай концерттер болды. Бір күні диспетчер «кеудесіне пышақ жарақаты салынған» шақыртуды хабарлады. Ұшып жеттік: кеудесіне пышақ салса, өліп кетуі мүмкін ғой. Тағы да денсаулық сақтау департаментіне сүйрелеп шаршататын болды-ау деп ойлап келеміз. Өлді дегенді тіркеп, көңіл айтуға тура келер деп тұнжыраңқы жүзбен кіріп бардық. Бірақ алдымызда 1991 жылы туылған, кеудесіне зеленка жаққан тірі адам жатыр. Жігіт өмірден түңіліп, өлуге бел байлапты. Ең жан қиналмайтын нәрсе – жүрекке шегені тығып алу деп оқып алған екен. Бірақ батылы бармай, басқаша жол тауыпты: сол жақ емшегінің үрпісін кесіп алған соң, қан кетсе қиналмаймын деп ойлаған. Қайшымен қиып алыпты, ал өзі ауырсынғаннан жанын қоярға жер таппай, жедел жәрдем шақырған.

Ал дененің кесіп алған бөлігін тіккен жоқсыздар ма?

– Айтпақшы, дәрігер де үрпісі қайда деп сұрады. «Ол бір жерде жатқан шығар» деп жауап берді. Біз аяғымызға басып кетпейік деп, айналамызға алақ-жұлақ қарап, тауып алуға кеңес беріп, травматологияға бару керектігін айттық.

Тағы бірде мені үйлендіруге сәл қалды. Есікті ашсақ, ол жерде шылым түтіні мен мүңкіген арақ иісі шығып жатыр екен, біреулер жиналып ішіп отыр. Ал көрші бөлмедегі қыздың жүрегі нашарлап, қан қысымы көтеріліп кеткен - отбасылық айқай-шу болыпты. Анасы қызын жеңіл жүрісті қыз деп ұрысқан екен. Тыныштандыратын дәрі ектік, әдеттегідей, 15 минуттай бақылап күтіп отырмыз. Сол кезде анасы кіріп келіп, жасың нешеде, үйленгенсің бе, жұмыс жасайсың ба, оқисың ба деп сұрақтың астына ала бастады... Қызым екеуің құрдас екенсіңдер, телефон нөміріңді қалдырып кет, жақын танысыңдар деп, бригаданы шығарып жібермек болып, мені әкесі достарымен ішіп отырған бөлмеге қарай итере бастады. Өйтіп-бүйтіп қашып шықтым-ау.

– Сен қандай шақыртулардан қорқасың?

– Мен осы уақыт ішінде өлімді де, қорқынышты жарақаттар мен түсініксіз жағдайларды да көп көрдім.  Сіз «Қосын жанындағы тосын оқиға» (21.04.2011 жылғы «Жайық самалы», №16) деген мақала жаздыңыз ғой, есіңізде ме? Мен де сол бригадамен жұмыс істедім, бірақ бағыма қарай, басқа ауысымда болдым. Бригаданы сол жерден шақырып алды, олар төбелерінен жай түскендей, өздеріне де көмек керек болатын күйде еді. Бір фельдшер бір тәулік бойына тілсіз қалды. Ол жерде шынымен де тосын жағдай болыпты. Тіпті осымен салыстырғанның өзінде мен үшін ең қорқынышты шақырту - әйелдердің босануы. Мен төрт мәрте әйелді босандырып алдым, құдайға шүкір, бәрі де жақсы болды. Бірақ қайтадан кез болмасам екен деп тілеймін.  Бұрын жедел жәрдем машинасы қалай тұрғанын көрсем, тығылып тұр, неге жүрмей тұр, ал оларды ғой күтіп отыр деп ойлайтынмын. Ал іс жүзінде бұл уақытта олар әйелді босандырып жатуы немесе жансақтау шараларын алып жатуы, тіпті одан да мүшкіл жағдай болуы мүмкін. Арнайы журнал бар – ол жерге «03 бригадасының қатысуымен орын алған өлім» деген жазу жазылады. Жедел жәрдем машинасы аулада текке тұр деп ойласаңыз, ол осындай жағдайлармен, өмір мен өлім үшін күресіп жатуы мүмкін.

 

ОНЫҢ ІСІ АДАЛ

Арман туралы фильм бұл «қарапайым кейіпкерлер» жөніндегі идеологиялық бағдарламалар циклынан берілетін хабарлардың бірі, бір аймақтан бір кейіпкер таңдалады. Төрт тәулік бойы түсірілді: үйде, оның өзінің жеке меншік шағын  компаниясының  кеңсесінде және 8 жыл бойы айкидомен айналысып жүрген спорт залында. Арманның өзінің ерікті мансабын аяқтағанына екінші жыл болса да оның жедел жәрдемдегі жұмысы да кадрдан тыс қалмады:  

- Менің сүйіктім маған алдымен отбасын құру керектігіне көзімді жеткізді. Бірақ, қазірдің өзінде кейде уақытым болса, ауысымға шығамын немесе бұрынғы әріптестерімді олардың өтініштеріне қарай алмастырып отырамын. Ал, енді мен өз стратегиямды өзгертем деп шештім. Менің Қашағандағы келісім-шартым бітті, қазір мамандығым бойынша өз бизнесімді бастадым. Фирма аштым. Енді, егер ісім алға жылжып жатса, жедел жәрдемге құрал-жабдықтар сатып алуға қаржылай көмектесем немесе машинаны сыйға тартам.

- Әйелің қарсы болса ше?

– Ол менімен жүріп жүрген кезде қарсы болатын, қазір ол маған қолдау танытады. Жақында ғана, 26 тамызда біздің көз алдымызда бір бойжеткенді машина қағып өтті. Мен түстім де, қызға алғашқы медициналық жәрдем көрсете бастадым, жедел жәрдем шақырдым, олар келгенше сол жерде болдым. Әйелім менің әрекетімді сырттан бақылап отырды да, кейін маған сенің ісің адал деп мойындады. Кейде өзім шаршағанда немесе достарым мен жақындарымның осының бәрі саған не үшін керек деп айтқан кездерінде, шынында да,  не үшін деп ойланып қаламын? Сол сәттерде  мен оның жауабын табамын. Жапонияда цунами болған кездегі сюжеттерді көрсеткенде егде тартқан бір жапондық қарт өзінің күл-талқаны шыққан үйінің қирандылары арасынан құрылыс қалдықтарын жинастырды: пластиктерді бір бөлек, әйнекті бір бөлек... Одан неге бұлай істеп жатырсыз деп сұраған кезде, былай деп жауап берген: «Бізге бомба тастаған кезде біз қаланы бұрынғысынан да керемет етіп салдық. Міне, тағы одан да жақсы етіп саламыз, сондықтан да оған әркім өз үлесін қосуы керек» деді. Мен бұдан өзіме мынаны түйдім: ауызбен айтқаннан, шағымдана бергеннен аз болса да пайдалы іс жасағаның дұрыс.

 

АРМАНДАР МЕН ДӘРІСТЕР

– Екі жыл алған білімің саған не үйретті?

– Шын мәнінде академиядағы бір жылым айтарлықтай бірдеңе берді деп айта алмаймын: қаңқалар, бұлшық еттер... Жұмыстың бәрін шақыртулар кезінде үйрендім – укол сала аламын, қан қысымын түсіремін, қанның кетуін тоқтата аламын, әйелдерді босандырамын, жансақтау шараларын  жүргіземін... Алайда, мен медициналық көмек көрсетуден  бөлек басты нәрсені түсіндім: бәлкім, мен өз армандарымды ортаға салып жатқан болармын, шын мәнінде бұл еліме қызмет етуді қалағанымнан туған болуы керек. Әрине, ол үшін қолға сапер күрегін алу немесе құлақ түбіне градусник қыстыру міндетті емес шығар. Біздің әрқайсысымыз да өз орнында өз еліне қызмет ете алады. Қалай болғанда да мен әкемнің досы Темірлан ЕСДӘУЛЕТТІ (тағдыры ерекше, түрлі трюктарды орындайтын қаладағы танымал адам.З. Б.) өзімнің ұстазым деп есептеймін. Ол маған тек соққы беруді ғана үйретпейді. Мен оған жаттығуға әкеммен бірге тәй-тәй басқан кезімнен бастап бардым. Әкем қазір баруын қойды, ал мен әлі барып жүрмін. Міне, сол Темірлан мені күшті тек ең қиын деген сәтте қолдану керектігіне сендірді: өміріңе, отбасың мен Отаныңа қауіп төнгенде. Бұл пікірді маған айкидодағы ұстазым Нұрлан ШАЙХИЕВ те айтып отырады.

– Жаттықтырушылардан жолың болған екен.

- Шынымды айтсам, менің жолыма тоғысқан адамдардың қай-қайсысы да тамаша адамдар, ол жағынан жолым болды деп айта аламын. Қайда барайын, өзіме үлгі ететін, жақсылығын үйренуге болатын жандар кездеседі. Маған біздің қала және оның адамдары ұнайды. Есімде, Астраханнан үйге автобуспен келе жатқанымда автобус шекарада тоқтап қалып, есігі ашылып кетті, салонның ішіне бұрқыраған шаңмен, өзіме таныс тезектің иісі келе қалды. Сол сәт мұрнымды шүйіре қалып, түуй..., шаң, иіс, бірақ, өзіме етене жақын болып сезілді.  Осы кезде «бұл жерден ешқайда кетпеймін» деген шешімге келдім.

 

Жедел дәрігерлік көмек стансасының бас дәрігері Мақсот ЕСЕЕВ: – Қасымов? Иә, ол есімде. Ол 2009 жылы келіп, бізге өз еркімен жұмыс істеймін деп  сұранды. Әрине, бізді таң қалдырды, бізге оған дейін ешкім ешқашан ондай өтінішпен келген емес. Оған санитар ретінде медициналық  құрал-жабдықтарды тасуға, зембілмен ауыр науқастарды көтерісуге және жедел жәрдем көлігінің салонында тазалықты сақтауға  рұқсат еттік. Жақсы бала, ісіне адал, өзін жауапкершілікті сезінетін қызметкер ретінде көрсете білді, өзі бөлінген бригададағы дәрігер мен фельдшердің нағыз көмекшісі болды. Бұл шынында біз үшін үлкен көмек, әрине, ондай еріктілердің  болғанына қарсы емеспіз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

12 қыркүйек 2012, 21:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.