ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, мамырдан бастап Қазақстандағы, соның ішінде, Атырау қаласындағы көп балалы отбасыларға пәтерлер бөлінеді. Біз қала әкімінің орынбасары Шәкір КЕЙКИННЕН әлеуметтік баспананы бөлу тәртібін түсіндіруді өтінген едік.
- Атырауда көпбалалы қанша отбасы бар? Тізімдермен қайдан танысуға болады?
- Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру есебіне барлығы 20 336 азамат, оның ішінде көп балалы 1440 отбасы тіркелген. Кезектегілер тізімімен housing.atyrau.gov.kz сайтынан танысуға болады.
- Көпбалалы отбасыларға пәтер беру тәртібі қандай?
- «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 74-бабының 1-тармағына сәйкес, мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тiзiмдерде белгiленген кезектілік тəртібімен баспана берiледi. Осы тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларынан және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардан басқаларының артықшылық құқығы жоқ. Көпбалалы отбасыларға пәтер беру қолданыстағы заңнама аясында кезектілікке сәйкес жүзеге асырылады.
- Қандай құжаттарды және қайда тапсыру керек?
- Алғаш рет есепке тіркелуге өтініш жасайтын көпбалалы отбасылар тиісті құжаттармен «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментіне – «Азаматтарға арналған үкімет МК» КЕАҚ Атырау облыстық филиалына жүгіне алады.
- Пәтер беруден бас тартуға не себеп болуы мүмкін?
- Осы Заңның 72-бабына сәйкес, егер азаматтың соңғы 5 жыл iшiнде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан мынадай жолдармен мұқтажға айналғаны: 1) тұрғын үй-жайын ауыстырғаны; 2) оның ҚР-ның белгiлi бiр елдi мекенiнде орналасуына қарамастан, өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, тұру үшiн жарамды тұрғын үйдi иелiгiнен шығаруы; 3) тұрғын үйдiң иесінің кiнәсiнен бұзылуы немесе бүлiнуi; 4) тұрған кезiнде мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж болмаған үйден кетуi; 5) жұбайынан, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балаларынан, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарынан басқа адамдарды тұрғызғаны анықталса, есепке қоюдан бас тартылады.
- Атыраудың қай ықшам ауданында қандай мерзімде және қанша пәтер көпбалалы отбасыларға беріледі? Оларға тек бұрын пайдаланылған үй беру туралы ақпаратқа түсініктеме берсеңіз.
- Жоқ, біз жаңа тұрғын үй туралы айтып отырмыз. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында биыл Атырауда Береке ықшам ауданында 8 тұрғын үйді (576 пәтер) пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол жерден көпбалалы отбасылар кезек бойынша пәтер алады.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ