Алдымен ол біздің өңірімізге қатысты сандармен таныстырды: 2018 жылы және осы жылдың басында 2,1 мың орындық 11 балабақша пайдалануға берілді. 1,9 мың орындық 8 балабақша құрылысы жалғасуда. 1,1 мың орындық 5 мектеп құрылысы аяқталды. Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжіне арналған жатақхана пайдалануға берілді.
Күні кеше ғана Құрманғазы ауданының Жасталап ауылындағы мектеп құрылысы аяқталды. Бүгінде облыс бойынша 3,9 мың орындық 9 мектеп салынуда. Биыл Атырауда қала маңындағы Жаңаталап (Дамбы), Рембаза және Балауса ауылдарынан 3 мектептің құрылысын бастау жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласында бюджет қаржысына 6 нысан салынды, 4 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Тағы 9 нысанның – ауылдық отбасылық-дәрігерлік амбулатория ғимараттарының құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Биыл бұрын басталған жобаларды: жағалау, жастар паркі, Исатай мен Махамбет алаңын қайта жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыру жалғасын табады.
Президент Қ.Тоқаевтың нұсқауымен мамырдан бастап Қазақстан қалаларында көпбалалы отбасыларға пәтерлер бөліне бастайды. Амановтың айтуынша, Атырауда көпбалалы алғашқы 50 отбасы Береке ықшамауданынан баспана алады. Осы бағдарламаны жалғастыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді. М.Аманов бұл қаржының көлемін атай алмады. Бірақ бұл ақшаға жергілікті биліктің көпбалалы отбасылар үшін бұрын пайдаланған баспаналар алуға құқығы бар екенін нақтылады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ