Атырау облысының тұрғындары ауыз су үшін екі су қоймасын - Қиғаш және Жайық өзендерін пайдаланады. Бірақ олар жыл өткен сайын тайызданып келеді. Сонда алдағы уақытта тіршілік нәрін қайдан аламыз деген сұрақ туындайды. Жерасты кен орындарын қарқынды пайдалану керек пе, әлде су қоймасын салу қажет пе? «АЖ» осы ахуалдың бүгіні мен ертеңі туралы зерделеген еді.
СУ ҚОЙМАСЫ МА? ЖОҚ. КӨРШІЛЕРГЕ ҚҰБЫР САЛУ КЕРЕК ПЕ? СОЛАЙ ШЫҒАР
Гидрогеологтардың ақпараты бойынша, өңіріміздегі барлық тұщы су қоймаларының тек екеуі ішуге жарамды - Жылыой ауданындағы аз минералданған Бали және Жаңасу орындары. Кеңес дәуірінен бастап олар «стратегиялық қор» ретінде қарастырылды. Жаңасудың пайдалану көлемі - тәулігіне 119 мың текше метр, ал Балиде шамамен 8 мың текше метр. Дегенмен, ғалымдардың бағалауы бойынша су қоймалары белсенді қолданылса, бұл қор 20 жылға жетеді. Айта кету керек, Атырау облысындағы ауыз судың күнделікті қажет көлемі - 140 мың текше метрге жуық.
Қалай дегенмен де, жер асты кен орындарын пайдалану қомақты қаржыны қажет етеді. Сондықтан да жергілікті билік мұны тиімсіз деп санайды.
- Су құбырын, электр тарату желілерін және басқа инфрақұрылымдарды салу үшін үлкен қаржы қажет. Бали және Жаңасу қорлары кішігірім, сондықтан мамандар оларды пайдалану экономикалық тұрғыда қолайсыз деп есептейді, - деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Соңғы кездері Көкжиде құмды массивінің жерасты суларын пайдалану үшін Ақтөбе облысына қарай су құбырын салу идеясы белсенді талқылануда. Бұл кен орнының пайдалану қорлары тәулігіне 800 мың текше метр деп бағаланып отыр. Бүгінде оларды пайдалану ауыз су және өндірістік қажеттіліктерге арналған шағын үш су тоғанымен шектеледі. Оған қоса бұл тұщы су тазартылмайды, ал кен орны үнемі жерасты су көздерімен толықтырылып отырады. Тағы бір талқыланатын нұсқа – Атырау облысының аумағынан су қоймасын салу. Алайда бірқатар себептерге байланысты оның орындалуы неғайбыл.
- Біздің өңірімізде суды жинап, біртіндеп босату үшін су қоймасына лайық орын жоқ. Ал тегіс жерге су жинағыш салу қомақты қаржыны қажет етеді. Бұл жерде ғалымдар жұмыс істеуі тиіс. Комиссия құрамына біздегідей түрлі департамент басшылары емес, солар кіргені жөн. Жалпы, бұл мәселені оңтайландыру керек. Жайылымдық жерлердегі су ауыл шаруашылығы министрлігіне тиесілі. Жерасты сулары – біздің құзырымызда, ал ауыз су – ұлттық экономика министрлігіне қарасты ТКШ мәселесі. Осының ортақ шешімі табылмай тұр, - деді жақында журналистермен кездесу кезінде Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАН.
СУ ҚАЗІР ҚАЛАЙ ТАЗАРТЫЛАДЫ?
Ал бүгінде Атырау үшін Жайық суын тазарту мәселесі қалай болып жатыр? Ол үшін қандай химиялық реагенттер пайдаланылады деген «АЖ»-ның ресми сауалына «Атырау Су Арнасы» КМК-дағылар қазір тергеу жүріп жатқандығына сілтеп, жауап беруден бас тартқан еді. «АЖ» тілшісі бұған өзі жауап табуға тырысты.
Өткен жылдың ортасында «Атырау Су Арнасының» жаңа басшылығы құрамында хлоры бар реагенттерді қолданудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Мұның себебі түсінікті: қала тұрғындары шүмектен ағатын судан хлор иісі қатты шығатындығына үнемі шағымданады, оған қоса хлордан құбырдың іші таттанады. Өте тиімді су тазарту құралы деп есептелетін алюминий оксихлоридін (OXA) сатып алу үшін тендер жарияланды. Ал бұрын, 2016-17 жылдары кәсіпорын анағұрлым арзан алюминий сульфатын сатып алуға бірнеше рет тендер жариялаған еді, бірақ әртүрлі себептер бойынша ол өткізілмей қалды. Сонымен, бүгінде суды тазарту үшін не қолданылады? Жауап жоқ.
Біз соңғы тендерге қатысқан «Метахим Сауда үйі» ЖШС директоры Аслан СӘРСЕКЕНОВПЕН хабарластық.
- Бұрын «Атырау Су Арнасы» алюминий сульфатын сатып алу тендерін жариялады. Бірақ біз жеңіп алған кезде, олар кәсіпорын қаржысын үнемдеу керектігін желеуретіп, оны болдырмай тастады. Содан кейін олар алюминий оксихлоридіне тендер жариялады. Мен бұдан қисын көріп отырған жоқпын, себебі оксихлорид сульфаттан үш есе қымбат. Дегенмен, менің ойымша, сульфат та кем емес, - дейді А.Сәрсекенов.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БЕРМУДТАР
Жақында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға НАЗАРБАЕВА тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі бұрынғы және ағымдағы мемлекеттік бағдарламаларды Бермуд үштағанымен бейнелеп салыстырған болатын.
- Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тәуелсіздік алғалы 540 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бірақ, көптеген елді мекендерде халық таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Осы ауыз су бағдарламасы «Бермуд үштағаны» сияқты, қаржы жұмбақ жолмен жоғалып кетеді. Неліктен?- деп, ол атқарушы және өкілетті органдардың басшыларымен кездесу барысында наразылық білдірген еді. Бұл, әрине, қызық сұрақ. Біздің өңірімізде де мұндай «үштағандар» аз емес, бұл туралы «АЖ» әлденеше рет жазған еді. Ал алдағы жылдары қазақстандықтарды ауыз сумен қамтамасыз етуді жеделдету үшін тағы 140 млрд теңге бөлінеді.
Фархат ӘБІЛОВ
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған сурет