26 сәуірде Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен зағип жандар арасында «Үміт жанары» атты батыс аймақтық ән орындаушылар фестивалі өтті. Байқауға Атырау, Ақтау және Ақтөбе облысынан 16 мен 30 жас аралығындағы 9 үміткер қатысты.
Ән айтуға деген құмарлығым балабақша кезінен басталды. Кейін көз жанарымнан айырылуыма байланысты ән айтуды тоқтатып, осы қоғамға келгесін қайта жалғастырдым,- дейді бізде жарияланған махаббат хикаясының кейіпкері Абылай ӘДІЛБЕКОВ. - Мен баян аспабында да ойнай аламын. Бүгінгі фестивальге жерлесіміз Қалидолла Ізекеновтың «Мөлдірім» әні мен Естайдың «Қорланын» алып келдім.
Фестиваль қорытындысы бойынша Маңғыстау облысынан келген Гүлфайруза КЕНЖЕҒАРАЕВА бірінші орынға ие болды. Ал, Атырау қаласынан қатысқан Рустам ШАМБУЗОВ екінші, Қызылқоға ауданынан келген Абылай ӘДІЛБЕКОВ пен ақтөбелік Назым ЖЫРЫМБАЙ үшінші орынды иеленді. Жылыойлық Айдана ӘЛИЕВА арнайы дипломмен марапатталды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор