Атырау, 26 қараша 01:55
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Ән салатын зағип жан

Сурет Бейнежазба
6 924 просмотра


Бұл жігіт күн мен түннің, аспаның көгін тіпті анасының түрін де қандай екенін сезбейді. Туғалы қараңғылықта өмір сүріп келетін Рустам ШАМБУЗОВ қазір - 27 жаста. Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. Алдымен ол Алматы қаласындағы Н.Островский атындағы зағиптарға арналған мектеп-интернатында оқыды, кейін Астрахандағы коррекциялық жалпы білім беретін мектеп-интернатта жалғастырды. Бала жастан әнші болсам деген арманы Атырауда орындалды. Ол – ұстаз әрі әнші болды.

Өзінің туған ағасы көз жанарынан бірінші топ мүгедегі  Рафаэль ШАМБУЗОВПЕН «Ағайынды Шамбузовтар» деген әншілер дуэтін құрады. Өзінен бір жас үлкен ағасы сентизаторда ойнаса, өзі ән айтады. Атыраудағы қазақ соқырлар қоғамында болатын шаралар олардың қатысуынсыз өтпейді. Бұған қоса Рустам Атырау гуманитарлық колледжін тәмамдап, кітапханашы мамандығын алып шыққан. Қазір соқырлар қоғамында кітапхана жанынан ашылған Брайль сыныбының оқытушысы болып еңбек етіп, өзімен тағдырлас жандардың сауатын ашады.


- Таңертеңгі 9-дан кешкі 17.00- ге дейін зағиптарға Брайль әліппесі бойынша оқу-жазу үйретемін. Үлкені де, кішісі де қызығушылық білдіріп жатады. Өйткені қаламызда зағиптарға арналған мектеп жоқ. Оқу үшін көбі басқа қалаға бара бермейді. Сондықтан бұл сыныптың үлкен көмегі бар деп ойлаймын. Бүгін Алтын Орда хандығы туралы жазылған кітапты оқуды бастап кеттік, - деп әңгімелейді жас ұстаз.

Рустамның көз жанары дұрыс Нұрлыгүл есімді қарындасы бар. Көз жанарынан ағасы екеуі ғана айрылған. Айтуынша, аталарында осындай дерт болған.

- Бізде қазір жарық әлемді көре аламыз деген үміт жоқ. Өйткені бұл тұқым қуалаушылық. Бұрын ағам аяқ жолын көретін. Ота жасатқаннан кейін тіптен көрмей қалды.


Рустам қазір қарындасы екеуі Нұрсая ықшам ауданында берілген жатақхананың бір бөлмесінде тұрады. Бұл үйді 2 жыл бұрын ағасы Рафаэль тұрғын үй кезегімен алған.

- Бұған дейін пәтер жалдап жүрдік, соқырлар қоғамының дәлізінде де тұрғанбыз. Қарындасым – 1 курс студенті. Анам мен ағам ауылдан келгенде үйдің ішін у-шу қыламыз. Гитарада ойнап, ән айтамыз,- дейді Рустам әңгіме барысында. – Қарындасым Нұрлыгүл барлық жағдайымды жасайды. Асымды дайындап беріп, жұмысқа шығарып салады.

- Ағаңды күтіп-бағу қиындық тудырмай ма? Бір жағынан сабағың бар.

- Мені кішкентайымнан өсірген осы екі ағам. Барлық еркелігімді көтеріп, мойнынан түсірмей өсірді. Оларға қол ұшын беру мен үшін еш қиын емес. Біреулер мүгедек бауырларынан ұялуы мүмкін, ал мен керісінше осындай ағаларым барына мақтанамын, - дейді Нұрлыгүл.


Рустамның күні таңғы жаттығудан басталады. Одан кейін 8 сағаттық күнделікті жұмысына барады, кешкі мезгілде гитарасын қолға алып жаңа әндерді нотаға түсіріп, концерттерге дайындалады.

- Жеке өміріңізге уақыт табасыз ба?

- Өзіме лайықты қыз болса отбасын құрсам деп армандаймын. Өзгелер секілді мен де оқушы кезімде алғашқы махамббатты бастан өткергенмін. Ұнатқан қызыммен бір сыныпта оқыдық, Астархань қаласының тумасы, ұлты – қазақ. Оның көзі аздап аяқ жолын көретін еді. Оқуымды аяқтап қоштасар сәтте Атырауға іздеп келем деген. Күттім, бірақ келмеді.

- Қараңғылықта өмір сүру қаншалықты қиын?

- Соқырлықтың азабын әсіресе мектеп қабырғасында көп көрдім. Мектеп сахнасында жиі ән айтатынмын. Өнерімді өзге балалар көре алмай кемсітетін. Көрмейтінімді пайдаланып ұрып-соғып тіпті ішіп отырған асыма түкіріп кететін кездер де болды. Барлығына шыдап келдім. Осындай қиын кезеңдерде анам жұбатып, қалай болғанда да білім алып шығуымды қалады. Қазір сол «достарыма» мені өмірдің қиыншылықтарымен күресуге  үйреткені үшін рахмет деймін.   

Әңгіме барысында Рустам Атырауда зағип жандардың өмір сүруі үшін ыңғайсыз екенін де айтып қалды. Жаяу жүргіншілер жолы жоқ көшелер, дыбыссыз бағдаршамдар, ыңғайсыз автобустар мүгедектердің өздері еркін жүріп-тұруына лайықтылмаған. Мысалы, Ресейдің қалаларындағы аялдамаларда, метроларда аялдама аттары, автобус нөмірлері кәдімгі жазумен қоса Брайль әріптерімен де жазылған. Рустам саябаққа серуендеуге анасымен немесе қарындасымен бірге шығады. Ал жұмысқа инва-таксимен барып келеді. Мұндай көліктің болғанына да шүкіршілік дейді. Бірақ бүкіл қала зағиптарына екі-ақ машина. Кейде ұзақ күтулеріне тура келеді.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Сурет және видеоны түсірген автор

20 қазан 2017, 10:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.