Атырау, 25 қараша 01:43
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Садақа да несиеге жасалып жүр​​

5 481 просмотра
Көрнекі сурет

Жақында Атырау облысының имамдары  жаназа мен садақаларда ысырапшылдыққа жол бермеуге  шақырған болатын. Алайда, бұған мән беріп, құлақ асып жатқандар бар ма? Қайтқан кісіні соңғы сапарға шығарып салуда барын төгіп, шығынға батуды «елдің алдында ұят болады» дегендер өздеріне міндет санайды.

Бұл, әрине, өте бір нәзік мәселе, дегенмен, осы жаназа мен садақаларда  біз қанша ақша жұмсаймыз, соны есептеп көрелік. Әлбетте, отбасында қайғы болса, алдымен ағайын-туыс, көршілер мен әріптестер көмек  беруге жүгіреді. Алайда, садақаларда салқын тіскебасарлар,  ыстық тағамдар мен салаттарға, жемістер мен тәттілерге толы бай дастарханды көргенде, ойланып қаласың: өлген адамға осының керегі не?

Соңғы кездері Қазақстанда несиеге тойлар ғана емес, садақалар да жасалып жатқан көрінеді. Айталық, Атырауда садақалар мен қайтқан адамның күзеті мен қарасы мейрамханаларда олардың ұсынған қымбат бағаларына қарамастан өткізіледі. Егер тамақтың бәрін өзіңіз әкеліп беретін болсаңыз, залдың жалдау бағасы кісі басына 1000-1500 теңгеден басталады, мейрамхана сізге тек дайындап береді және даяшы қызметін ұсынады. Ал егер тамақ тасып жүргіңіз келмесе – 3500 теңге (одан да жоғары) төлейсіз, мейрамхана бәрін өздері сатып алып, дайындап береді, сізге тек келіп, үстелге жайғасу ғана қалады.

Әдетте, қазекемдердің садақасына көп адам келеді, орташа есеппен 300 адам деп алайық:  300х1500 = 450 000; 300х3500 = 1 050 000 теңге. Бұл соманы біз бірнеше есеге көбейтейік, өйткені біз тек қарасын ғана емес, 3-7-40-100 күндік және бір жылдық қаделерін өткіземіз ғой. Бұған қарасы мен садақаларына сойылатын сиыр не жылқыны қосайық, оның өзі 150-300 мың теңге. Ал, дастарханға: нан, бауырсақ, жемістер (алма, банан, жүзім, апельсин), салаттың бірнеше түрі, тәттілер (торт, тәтті тоқаш, кәмпиттер, печенье), жаңғақтар, кепкен жемістер, қазы-қарта, шұжық, ірімшік, тіл, балық, қаймақ, тары-талқан – бұл тізімді одан да толқтыруға болады. Бұған қоса асылған ет бар.

Қазір жылы күндерде кейбіреулер киіз үйлер мен палаткаларды  барлық керек-жарағымен (ыдысы, газ плитасы, үстел орындығымен) жалға алып та жүр. Жалға алу бағасы 40 мыңнан басталады. Бұл барынша үнемді деп есептеледі. 

Исламда қайтқан адамның зиратын  қымбат материалдардан тұрғызуға да  тыйым бар, бірақ, қазір кейбір адамдардың жерін алдын-ала белгілеп, қызыл тас әкеліп, мазар тұрғызып, оған үлкен құлпытас орнатып жатқандары көп, тағы да сол өлгендерге оның  түкке керегі жоғын ескермей жатады.

 - Біз ол жаққа оранған  ақ кебіннен басқа ештеңе алып кетпейміз, - деп айтқан болатын аталмыш үндеуде Атырау облыстық мешітінің бас имамы Батыржан МАНСУРОВ.

Бұдан басқа өлген адамның жылдық қадесінде кәсіби бейнеролик дайындау үшін қосымша шығындар жұмсалады. Атырауда оның құны 50 мыңнан басталады.

Өз қызметтерін ұсынған хабарландыруларда садақаларды жүргізетін асабаның бағасы 30 мың кейде одан да жоғары. Бәлкім бір адамның басқарып отырғаны дұрыс та болар, бірақ исламда садақаларда сөз сөйлеп, жиынға айналдырмауға шақырады.

Мұның бәрі осымен біте қойса жақсы, бірақ, біз 5, 10, 20 жылдан соң  еске алып, ас беруді әдетке айналдырдық. Мал сойып, дастархан жаямыз, кейбір ауқаттылар бәйге, байқаулар  ұйымдастырып жатады. Алайда, бұл ысырапшылдықтың бәрі  өлген жанды тірілтіп жібермейді. Одан да бұл жомарттықты көмекке зәру жандарға, балалар үйіне, жетім-жесірге жасасақ қой, Алланың разылығында болмаймыз ба?

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА


29 сәуір 2019, 09:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.