«Елден ұят болады» деп кісі өлгенде де дастарханды толтырып қоятын халқымыздың ысырапшылдығын азайту мақсатында Атырау облысы имамдары арнайы үндеу қабылдап, арнайы ас мәзірін дайындады.
Атырау орталық мешітінің бас имамы Батыржан МАНСҰРОВТЫҢ айтуынша, бұл мәселені 2016 жылы теологтар, дін істері басқармасы және оның жанындағы комиссия мүшелері көтерген еді. Негізгі мақсат – адам өмірден өткендегі діни жоралғылар: жаназа, жерлеу рәсімдері, қаделік күндерінің дәстүр мен шариғат амалдарына сай орындалуын насихаттау.
- Кісі қайтқанда бізде «күзетін» ұйымдастырады, сүйекті әлі жер қойнына тапсырмай тұрып, оны үйде қалдырып, келген жандар түгелімен мейрамханаларға барып ас ішеді. Ондай жоралғы қазақ халқының дәстүрінде де, ислам шариғатында да жоқ. Сүйекті жайғастырмай, тамақ жеуіміз – орынсыз, үлкен күнә, құпталмайтын іс. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин сияқты кемеңгер ойшылдар да қазақтың қаралы дастарханында бауырсақ, құрт, қаймақ, ірімшік және бір тамақ болсын деген қаулы қабылдаған екен, біз осындай ақпарат таптық, - дейді бас имам.
Оның айтуынша, күзет ертеде мәйітке ит-мысық жақындамауы және алыстан келетін жақындарын күту үшін ұйымдастырылатын. Әрі күзетке 2-3 адамды ғана қалдыратын. Көмек қолын созғандар малын, тамағын сырттан әкеліп, қайғырып отырған жандарға көмек беретін.
- Ал бүгінде қайғырып отырған жандар жұртқа тамақ береді. Міне, мәселе қайда жатыр. Біз осыны тоқтатайық деп, үндеу қабылдадық, - дейді Б. Мансұров.
Осылайша жаназа дастарханына арнайы ас мәзірі ойластырылды: оған бауырсақ, жеті шелпек, тары, талқан, қаймақ, сары май, нан, құрма, өрік, мейіз, бір ыссы тамақ кіреді. Жаназадан бір күн бұрын қонақасы берілетін болса, яғни, күзетке көңіл айтуды мейрамханада өткізбей-ақ, үйде және ас-тағамсыз өткізу ұсынылды.
- Бізде кісі өлгенде бірнеше рет дастархан жайылады: күзеті, жаназасы, 3, 7, 40, 100 күндік қаделері бар. Осыншама шығын қайтыс болған адам және оның отбасы үшін ауыр дүние. Себебі, өлімге адам алдын ала дайындалмайды, ажал аяқ асты келеді. Оған кез келген адам материалдық тұрғыда дайын емес. Сол үшін несие, қарыз алып жататындар да бар. Сондықтан күзетте тамақ жемей, 3-7 күндік қаделерін бірге өткізсек, әрі қаделерінде дастарханды мәзір бойынша жайсақ, едәуір үнемдеген болар едік, - дейді бас имам.
Мешіт көтерген екінші мәселе – дәулеттілер мен қарапайым адамдар арасындағы бәсекелестік. Дәулетті адам малын сойып, барлық жоралғыларын жасаса, дәулеті жоқ адам да қалыспаймын деп одан бетер қиын жағдайға түседі. Қалмайын деп қарызға кіреді, отбасында дағдарыс басталады.
- Барлық адамның оралатыны - ақ кебін, ешкім ерекше киім кимейді, сондықтан бірізіділік болуы керек. Асқан дәулеті болса, сол қайтқан кісінің атынан жақсылық жасасын, мал сойып, жағдайы жоқтарға таратсын, қажылыққа барсын, құлшылық етсін, мешіт, жол, көпір салсын. Жерлеген соң қымбат тас алдыртып, мәйіт тұрғызудың да қажеті жоқ, ол өлген жанға еш пайда әкелмейді, оған пайда беретіні – дұға, сауапты, ізгі амалдар. Себебі, мәйіттің үстін қанша сәндесек те, асты бір ғой. Жалпы қоршау болса жеткілікті, әр мәйітті бөлек-бөлек қоршаудың қажеттілігі жоқ. Қабір басына белгі ретінде құлпытас қоюға рұқсат. Қойылған құлпытасқа сурет салуға, мүсінін ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, ай белгісін қоюға рұқсат..
Бас имамның айуынша, үндеуде көрсетілген әрекеттер қазір әлеуметтік желі арқылы халық арасына таратылуда, сонымен қатар әр мешітте ас мәзірі бар, керек адам ала алады.
Үндеу мәтінінде садақа асын сөз жарысқа айналдырмау да баса көрсетілген. Садақада бәсең дауыспен сөйлеп, микрофонды ұсынғанда адамның атақ-абыройына тоқталмаған абзал. Көңіл айтушы адамның артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айтумен шектелгені жөн. Садақаға қатысушылардың бәрі сөйлеуі міндетті емес. Бірнеше адамның көңіл білдіргені жеткілікті.
Одан бөлек, жамағатты жаназа намазына қатысуға, сап сыртында қалмауға шақырады. Дәрет алып, жаназа намазына қатысу – марқұмға білдірген нағыз туыстық жанашырлықтың көрінісі. Дінімізде жаназа намазына қатысқан мұсылманға мол сауап жазылатыны айтылған. Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеттерінде жаназа намазына 40 мұсылман адам қатысқан жағдайда марқұмға Алланың жеңілдігі болатыны білдірілген.
- Сонымен қатар жаназа намазы алдында митинг жасауды доғару керек, өйткені ол шариғатта көрсетілген іс емес. Ондай қаралы жиындар өткізу кешегі кеңес кезінен қалған дүние. Мәйітті себепсіз күттірмеген жөн. Өлген адамды жерлеуге асыққан абзал. Мысалы, оңтүстік жақта таңертең қайтса, кешке дейін, кешке немесе түнде қайтса, таңертең жерлейді, - деп түсіндіреді имам.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор