Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза ШАҢГЕРЕЕВА өткізген брифингте сауықтыру ақысын толық алмаған педагогтар, мектеп бітіру кештерін қарапайым өткізу және орыс сыныптарында мұғалімдердің жетіспеуі туралы әңгіме болды.
«АЖ» сұрақтары:
- Оқырмандарымыздың бірі қазір жұмыс істемей, күрелуін күтіп жатқан №1 Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп аумағының көп бөлігін біреулер алып қалмақшы, сондай-ақ 300 орындық ескі ғимараттың орнына 160 орындық мектеп тұрғызбақшы деп дабыл қақты. Осы жағдайға түсінік беріңізші.
- Бұл қайдан шыққан ақпарат екенін білмеймін. Жаңа мектеп 300 орынға есептеліп салынады және өзіне тиесілі бұрынғы аумағы сақталады. Мектептің артында жартылай салынған ғимараты бар жер телімі жатыр, сол жерге спорт алаңы орналасады. Мен көрген сызба бойынша осылай.
Естеріңізге салсақ, М. Жұмабаев атындағы (бұрынғы Ленин атындағы) №1 мектеп 1935 жылы салынған. Ал 2017 жылы алғашқы қоңырау соғылар алдында апатты деп танылып, күрелетіні хабарланды. Барлық 427 оқушы уақытша №18 мектепке көшуге мәжбүр болды. Бұл педагогтар мен оқушыларға үлкен ыңғайсыздық тудырады, өйткені 300 орынға арналған мектепте қазір 700 бала оқып жатыр.
- Педагогтардың сауықтыру өтемақысын толық алмауына қатысты қала прокуратурасы Атырау әкіміне заңсыздықтарды жою туралы нұсқама берді. Мұғалімдер өздеріне тиесілі ақшаны қашан алады?
- Біздің тарапымыздан өтемақыны есептеу нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүргізілді, яғни, біз нақты сағаттармен емес, жүктеме бойынша шығардық. Алайда прокурордың нұсқамасынан кейін біз бәрін кері есептедік. Мұғалімдер бұл өтемақыны толық көлемде жақын арада алады деп сеніммен айта аламын.
Брифингте мектеп бітіру кештері туралы да айтылды. Жақында ҚР білім және ғылым министрі Күләш ШАМШИДЕНОВА мейрамханаларға үлкен отырыстар ұйымдастырудың, көп шығынданудың қажеті жоқ деп айтқан еді. Министрдің пікірінше, қоштасу кештері мектеп қабырғасында өтіп, балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің жылы кездесуі болу керек. Ф. Шаңгереева да осы пікірде екен. Оның айтуынша, осындай кештерді мектеп қабырғасында өткізуді қалайтын оқушылар саны болашақта көбейе бермек.
Орыс сыныптарына сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеуі әлі өзекті болып қалып отыр. Бүгінде тарих, математика, орыс тілі және басқа да пәндер бойынша 336 педагог керек. Әзірге бұл олқылықты зейнетке шыққан ұстаздар есебінен толтырып отыр.
- Біз олармен кейін ұзартылатын бір жылға жеке келісімшарт жасаймыз. Қазір қала мектептерінде 120 зейнеткер жұмыс істеп жатыр,- дейді Шаңгереева.
Ал басқа өңірлерден педагог шақыруға келсек, оларға Атыраудан баспана тауып беруге мүмкіндік жоқ. Алайда бұл мәселені, Шаңгереваның айтуынша, бірнеше мұғалімнің бірігіп үй жалдауы арқылы шешуге болады екен.
- Бұл қолданылып жүрген қалыпты жағдай.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген және инфографиканы жасаған автор