Атырау, 24 қараша 06:32
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сауықтыру өтемақысы толық төленбеген

15 104 просмотра


Атырау қаласының ұстаздарына толық төленбеген сауықтыру өтемақысы қайтарылады. Қалалық прокуратура Атырау әкіміне заң бұзушылықты жою туралы осындай ұйғарым жолдады. Ал барлығы ұстаздардың шағымынан басталған. "Тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 облыстық арнайы мектеп-интернатының" педагогтары өткен жылы  сауықтыру өтемақысы артық төленді деп белгілі соманы жалақыларынан ұстау туралы директордың бұйрығымен келіспей, адвокат Руслан ЖАҚЫПОВҚА жүгініпті.

- Мен олардың мүдделерін қорғауға келісіп, сенімхат әкелуді өтіндім, бірақ тек екеуі ғана келді. Біз сотта жеңіп шықтық, сенімхат берген екі адамға ғана қатысты интернат директорының заңсыз бұйрығы жойылды. Бұдан басқа, менің өтінішхатым бойынша сот облыстық білім басқармасына жеке қаулы шығарды. Бұл жекелеген жағдай сияқты көрінеді, бірақ олай емес! – деп әңгімелейді Жақыпов.

Сот процесі кезінде ол жалпы ахуалға қызығушылық білдіріп, Атырау облысында жүктемесі аптасына 18 сағаттан асатын мұғалімдердің сауықтыру жәрдемақысын кем алатынын анықтаған.  Яғни, аптасына 27-30 сағаттан жұмыс жасасаң да, оқу жылының аяғында 18 сағаттың сауықтыру жәрдемақысын ғана аласың.

Жақыпов көрші облыстарда – Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында мұның қалай жасалатынын білуді ұйғарып, сол жақтағы білім беру басқармасына сұраным жолдаған. Ақтөбе облысында мұғалімдерге жыл сайынғы сауықтыру жәрдемақысы нақты жүктемесіне қарай есептелетіні анықталды. Батыс Қазақстан облысынан келген жауапқа жалғанған қосымшада жәрдемақы әр қызметкерге сағат санына, атқаратын лауазымына, орындайтын жұмысына және т.б. байланысты жеке-жеке белгіленіп, лауазымдық жалақысы мөлшерінде төленетіні көрсетілген.

Ол сондай-ақ, білім беру министрлігі мен Атырау қалалық білім беру бөліміне жүгінді. Вице-министр Б.АСЫЛОВА сауықтыру жәрдемақысы педагогика қызметкерінің нақты жүктемесіне сәйкес төленетінін айтқан. Ал сол кездегі қалалық бөлім басшысының міндетін атқарушы Е.ҚАБДИНОВ басқаша хабарлапты: жәрдемақы нақты оқу жүктемесі бойынша төленеді, бірақ – нормативтік жүктемеден, яғни, 18 сағаттан аспайтын мөлшерде.

- 24 сағат жүктемесі болса да, тек 18 сағат бойынша сауықтыру жәрдемақысын алу әділетсіздік. Ал жалпы республика бойынша Заң нормалары басқаша қолданылады. Бұл қисынды, өйткені 24 сағат жүктемесі бар мұғалімге «нормативке» қарағанда сауықтыру жәрдемақысы көбірек берілу қажет. Бірақ көбі білсе де немесе кем төлейтіндігін сезсе де, ешкім жақ ашпайды, - деп таңданады адвокат.

Барлық қажетті құжаттарды жинап алып, Жақыпов прокуратураға жүгінген. Тексеру жүргізіліп, адвокаттың байламы расталыпты. Қала прокурорының міндетін атқарушы Аслан НҰРҒАЛИЕВТАН мынадай жауап алған: «Сіздің өтінішіңізде айтылған дәлелдерді қарау барысында ұстаздардың сауықтыру жәрдемақысын кем алатындықтары расталды. Осыған байланысты қалалық прокуратура Атырау әкіміне заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым берді».

Жақыпов түсіндіргендей, қаладағы 3 мыңдай мұғалім соңғы екі жылдағы тиесілі сомаларын алуы тиіс. Бұл 150 млн теңге шамасында.

Біз комментарий алу үшін қалалық әкімдікке жүгіндік. Қала әкімінің орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ мәселенің талқыланып жатқанын хабарлады:

- Біз мұның бәрі қандай себеппен болғанын, кім кінәлі екенін анықтауға тиіспіз. Ал ақшаны төлейміз, бірақ алдымен мәслихат сессиясында қаржы сұраймыз. Жаздан бастайтын шығармыз, - деді ол.

Енді Жақыпов бұл мәселені облыстық деңгейде көтермекші. Өйткені, аудандардағы жағдайдың да осындай екеніне сенімді.

Өзім де бірнеше мұғалімнен сұрастырып көрдім. Олар да сауықтыру жәрдемақысын тек мөлшерлеме, яғни, 18 сағат үшін алатындарын айтты.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

6 сәуір 2019, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.