Каспийдің қазақстандық бөлігінде жоспардан тыс көп күндік әскери жаттығулардың өтуіне байланысты ресейлік ғалымдармен бірлескен Каспий итбалықтарының санын зерттеу жұмыстары келесі жылға қалдырылды. Естеріңізге салсақ, 2005 жылдан бастап Солтүстік-Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) компаниясы итбалық сандарын әуеден есепке алу жұмыстарын жүргізген болатын. Соңғы рет мұндай есеп 2012 жылы жасалған. 7 жылдан кейін әуеден бақылау жұмыстары биылғы ақпан-наурыз айларында жалғасуы тиіс болатын, алайда болмады.
НКОК Н.В. ақпараты бойынша, итбалықтарды бірыңғай мультиспектрлік есепке алу әдісі бойынша әуеден түсірілім жасау үшін ҚР мен РФ-ның мемлекеттік органдарынан бүкіл қажетті келісімдер алынды. Алайда зерттеу басталған кезде Каспийдің қазақстандық бөлігінде жоспардан тыс әскери жаттығулардың өтуіне байланысты Әуе қозғалысын басқару диспетчері рұқсат бермеді.
«Биылғы қыстың жылы болуы, мұздардың тез еруі, Солтүстік Каспийдегі мұз жабынының азаюы және итбалықтың күшіктеу кезеңінің ерте аяқталуына байланысты кейінгі мерзімге қалдыру мүмкін болмады, - деп жазылған «АЖ» сауалына берген НКОК жауабында. - Өкінішке орай, зерттеуді әрі қарай жалғастыру орынсыз болды. Тиісінше, осы қысқы көбею кезеңінде итбалықтардың шоғырлануын жоспарлы зерттеу жүргізілмей, келесі жылдардың қысқы мерзімдеріне ауыстырылды».
Кейін анықталғандай, 2019 жылдың қысында компания кейбір зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. НКОК, «КАПЭ» ЖШС және Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарынан құралған бақылау тобы Солтүстік Каспий мұздарындағы итбалықтар шоғырланған жерлерді белгілеп, олар жиналған жерлерді айналып өтетін мұзжарғыштардың навигациялық қозғалыс дәлізін салды.
Егер бәрі жақсы болса, онда 2020 жылы итбалықтың санына қатысты ахуал өзгереді. Ресейлік ұшақ-зертхана жаңа әуе түсірілімі кешенімен: тепловизормен, үлкен ажыратымдылықтағы фотоаппараттармен, аспаптық және визуалды ақпарат жинаудың борттық автоматталған жүйемен жарақталған. Қазіргі кезде Балтық теңізінің шығыршықты итбалығын зерттеу кезінде ресейлік зерттеушілер қолданып жүрген әдістемені негізге алу жоспарланып отыр.
Ал қазір НКОК мамандары мұздардың ерте еруі итбалық күшіктеріне қалай әсер еткенін анықтауға әзірленуде. Олардың өмірі мұзбен тығыз байланысты екені белгілі: сол жерде күшіктеп, төлдерін сол жерде қоректендіреді. Итбалықтар бұған үлгерді ме, жыл сайын қайталанып жатқан аномалдық жылы қысқа бейімделді ме? Жазға қарай бәрі айқын болады. Каспийдің қазақстандық және ресейлік аумағына әуемен шолу жасалады. Ал бұл итбалықтардың түлейтін кезі.
- Жайықтағы балықтың жаппай қырылуына байланысты «Теңізде өлі итбалық табылды ма?» деген заңды сұрақ туындап отыр.
- Өлі итбалықтар табылмады, - делінген біздің сауалымызға НКОК-тың берген жауабында. – Егер табылса, біз теңіз жануарларының тіндерінен химиялық ластану бойынша токсикологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген болар едік.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА