Каспий итбалығын санау тоқтатылғаннан 6 жыл өткен соң, 2019 жылы, әуеден бақылау жүргізу жалғасады. Санайтын итабалықтар әлі де бар деп үміттенеміз.
Каспий итбалығы туралы соңғы ірі конференция өткен жылдың соңында Архангельскде өткен еді және ол «Голарктиканың теңіз сүтқоректілері-2018» деп аталды. Экспедицияға қатысқан ғалымдар бұрын жануарлар мыңдап саналған жерлерде олардың тек санаулы ғана қалғанын мәлімдеді. Алматы Гидробиология және экология институтының директоры Мирғали БАЙМҰҚАНОВ өз сұхбаттарының бірінде соңғы 20 жылда Каспий итбалықтарының саны 4 есеге азайғанын мәлімдеді. Дегенмен, оның ведомоствосы да, басқа мемлекеттік немесе жеке мекеме де «АЖ»-дың «Бүгінде итбалықтар саны қанша?» деген негізгі сұрағына жауап бермеді.
ҰШАҚ ЕСКІРГЕН БЕ?
Бір қызығы, тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында мемлекет Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің су айдынын ең болмаса бір рет тәуелсіз аралап ұшуды ұйымдастырмады. Мұндай зерттеулермен тек біздің аймақтағы мұнай компаниялары айналысады, бұл үшін, әрине, оларға рахмет. Бірақ бұл жағдайда толық объективтілік туралы айта алмайсың.
Солтүстік Каспий жобасының операторы «Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НКОК) 2005 жылдан бері итбалықтардың авиасанағын өткізді, ал соңғы рет мұндай санақ 2012 жылмен белгіленген. Алты жыл бұрын не болды, неге зерттеу тоқтатылды? НКОК нұсқасы бойынша, бұл ұшуға салынған тыйыммен байланысты екен. Осы жылдар бойы авиасанақ жүргізген Л-410 ұшағы техникалық қауіпсіздік талаптарына сай келмей қалды. Оның үстіне, мемлекет заңнамалық деңгейде теңіздегі қазақстандық секторда шетелдік меншік иелерінің ұшуына кенеттен тыйым салды. Келесі 2013 жыл Қашаған кен орнындағы нысандардың құрылысы аяқталуына орай маңызды оқиғалы жылға айналды. Осы кезде өнеркәсіптік өндіріс басталды, кейін құбырлар жарылып, содан кейін бірнеше жыл кемшіліктерді жою және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ал алты жылдан кейін сол Л-410 ұшағы қайтадан қауіпсіздік талаптарына сай келе қалып, ҚР заңнамасымен де бәрі реттелді. Бұл жылдары итбалықтардың және теңіздің басқа тіршілік иелерінің жағдайы не болғанын ешкім дұрыс білмейді.
ҚАНАТТЫ ЗЕРТХАНА
2019 жылы НКОК-тың растауы бойынша, итбалықтар санын анықтауға қатысты жағдай өзгеретін болды. Ұшақ-зертхана әуеден суретке түсіретін жаңа жүйелік кешенімен - «Малахит-М» тепловизорымен, жоғары ажыратымдылықтағы камералармен, аспаптық және визуалды ақпарат жинау үшін борттық автоматтандырылған жүйемен - жабдықталады.
Зерттеу қазіргі уақытта ресейлік зерттеушілердің Балтық теңізіндегі сақиналы итбалықты зерттеу кезінде пайдаланатын әдістемесіне сүйеніп жүргізілетін болады. Каспий теңізіндегі алдағы зерттеу жұмыстарына ресейлік ғалымдармен бірге Қазақстан балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, ҚР БҒМ Микробиология және вирусология институтының, Қазақстан қолданбалы экология агенттігінің ғалымдары қатысады.
Біз 2005-2012 жж. әріптестерімен бірге зерттеу жұмыстарына қатысқан «ҚазЭкоЖоба» Атырау филиалының директоры Асқарбай КАМЕЛОВПЕН тілдескен едік. Оның айтуынша, сол кезде ғалымдарға біржақты мамандану берілген, олар табиғат қорғау функцияларымен, аумақтың алдын-ала шарлап ұшумен, итбалықтар үшін мұзжарғыштар өтетін ең қауіпсіз жолдарды іздеумен көбірек айналысқан. Қызық, ғалымдар қазір қандай функцияларды атқарады екен? Жоғарыда аталған ғылыми мекемелердің барлығы біздің сауалымызға үнсіз қалды. Бәлкім, олар зерттеу жүргізілгеннен кейін айтатын болар.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» ұсынған Л-410 ұшағының суреті