Республикалық ономастикалық комиссия Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Тараздың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру шешімін қолдамады. Ал Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі БАҚ-тарға тиісті ақпарат беруде асығыстық танытты.
20 наурызда ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастикалық комиссияның отырысы болып өтті, онда бірқатар жергілікті мәслихаттардың облыстық қалалардың орталық көшелерін Н. Назарбаевтың құрметіне қайта атау туралы шешімдері қаралды.
Комиссия осындай бірнеше шешімдерді қолдады. Сонымен бірге, «Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл облыстарының әкімшілік орталықтарындағы атауын өзгертуге ұсынылған көшелерді өзге объектілер мен көшелерді» анықтай отырып, қайта қарауды ұсынды».
Естеріңізге сала кетейік, 20 наурызда Атырау мәслихатының депутаттары Қаныш Сәтпаев даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп ауыстыруды бірауыздан мақұлдады. Енді «өзге объектілер мен көшелерді» іздеуге тура келеді.
Фархат ӘБІЛОВ