Қ. Сәтпаев атындағы орталық даңғылдың атауы енді Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін еншіледі. Академик Қ. Сәтпаевтың атына 25 мың пәтер болатын жаңа ықшамаудан беріледі, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгін Атырау қалалық мәслихатының депутаттары облыс орталығындағы басты даңғылдың атауын ауыстыруды мақұлдады. Халық қалаулылары бұл бастама Тұңғыш Президент - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қол жеткізген табыстарын болашақ ұрпақтың жадында сақтайтын тарихи қадам екенін атап өтті.
Айта кету керек, Қ.Сәтпаевтың атына Атырау қаласы Талғайраң ауылы аумағында бой көтеретін жаңа ықшамаудан беріледі. Қазір 1400 га аумаққа 25 мың пәтерден тұратын 430 көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мұнда әлеуметтік нысандар - мектептер, ауруханалар, балабақшалар, мешіттер, концерт залдары, саябақтар мен ипподромдар, ДСК, т.б. салынады. Биыл осы жоба аясында 1800 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады деген жоспар бар.
Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі