Құлсарыдағы арнайы операция, 12 қыркүйекАтырау облысында террористік іс-әрекетке қатысы бар күдікті тұлғаларды ұстау және қамауға алу жалғасуда.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Боранбай ҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, 15 қыркүйекте Атырау қалалық соты екі жас жігітті екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берген. Оның бірі 1992 жылы туылған, Атыраудағы Жұмыскер поселкесінде уақытша тұрған Махамбет ауданының тұрғыны. Екіншісі 1982 жылы туылған, Құлсары қаласының тұрғыны. Екі күдікті де ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабының 4-тармағы («Терроризм») бойынша қылмыс жасады деп күдіктеліп отыр.
Мұның бәрі неден басталғанын еске түсірелік. Бесінші қыркүйекте Атырау қаласындағы Молдағұлова көшесінің бойындағы жеке үйлердің бірінде қолдан жасалған жарылыс құрылғысы жарылған («Жайық самалы», 6 қыркүйек 2012 жыл, №36, «Жарылғыш заттан ажал құшты» жарияланымын қараңыз). Оқиға болған жерде жарылыс нәтижесінде алған зақым салдарынан 1991 жылы туылған САҚАУОВ Нұрлыбек Аманғалиұлы көз жұмды. Осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабымен («Қылмысқа дайындалу») және 233-бабымен («Терроризм») қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Осы істі тергеу аясында Атырау қаласында 4 адам анықталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
Бұл істі тергеуді жалғастыра отырып, арнайы қызметтер осы топқа қатысты тағы бірнеше адамды анықтаған еді. Сондықтан 12 қыркүйекте Құлсары қаласының 1-ықшам ауданындағы көппәтерлі үйлердің бірінде арнайы операция өткізілді («ЖС», 13 қыркүйек 2012 жыл, №37, «Құлсарыдағы арнайы операция» жарияланымын қараңыз). Нәтижесінде бес күдікті өлтіріліп, бір жас жігіт ауыр жараланды.
Арнайы операция аяқталғаннан кейін шамамен бір сағаттан соң полиция мен арнайы жасақ сол ықшамаудандағы басқа бір үйден тағы екі күдіктіні ұстады. Шамасы, 15 қыркүйекте соттың аталмыш санкциясы осыларды қамауға алуға берілген секілді.
Сондай-ақ, 14 қыркүйекте сот ҚР Қылмыстық кодексінің 242-бабының 1-тармағы бойынша жалған қоңырау шалды деп танылған күдікті - 1983 жылы туылған Атырау қаласының тұрғынын қамауға алуға санкция берді («ЖС», 13 қыркүйек 2012 жыл, №37, «Насиха» бомба туралы қоңыраудан соң қаңырап қалды» жарияланымын қараңыз).
Сәуле ТАСБОЛАТОВА