
«Ақ Жайық» редакциясы жолдаған журналистік сауалға Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылдық округіне қарайтын Ескене (станциясы) ауылынан 450 метр қашықта сұйытылған мұнай газын өңдеу зауытын салып жатқан Eskene LPG кәсіпорнынан жауап келді.
Біз зауыт құрылысына байланысты ауыр жүк көліктерінің қозғалысы кезінде көтерілетін шаң мен шуға қатысты комментарий беруді сұрағанбыз. Кәсіпорынның бас директоры Саид Сабитовтың жауабы да ауылдан бес шақырым жерде салынып жатқан екінші газ өңдеу зауытының басшысы берген жауаппен бірдей болды. Ол кезде де GPC Investment компаниясы директоры Мақсат Ғалиев құрылыс алаңы мен кірме жолдарда шаңды басу үшін арнайы су себетін техниканы пайдаланып отырғанын хабарлаған.
Әр сұрағымызға бөлек жауап берген Сабитов арақашықтыққа қатысты: «Ескене теміржол станциясы жобаланып отырған сұйытылған мұнай газ өңдеу зауытының шығарындылар көзінен 800 метр қашықтықта орналасқан» деп мәлімдеді.
- Қазіргі уақытта аудан әкімдігі тарапынан тұрғын үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесі қаралып жатыр, - дейді Сабитов.
Оның сөзінше, зауыт іске қосылғаннан кейін санитариялық-қорғау аймағын нақтылау мақсатында қайта қарау жоспарланған. Пайдалануға берілген өндірістік нысандардың санитариялық-қорғау аймақтарын өзгерту жөніндегі жобалары бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 20-бабына сәйкес беріледі.
Сондай-ақ, компания басшысы жобалық құжаттама аясында құрылыс жұмыстарының атмосфералық ауаға және шу деңгейіне әсерін бағалау жүргізілгенін алға тартты. Оның айтуынша, есептеулер кезінде Ескене тұрғын аймағы аумағындағы ластаушы заттардың болжамды концентрациясы мен шу деңгейі белгіленген нормативтерден аспаған. «Жоба аясында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі барлық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде» дейді басшы.
Ал сұйытылған мұнай газын өңдеу зауыты іске қосылғаннан кейін атмосфераға азот диоксиді, көміртек, азот қосындысы тобының диоксиді және күкірт диоксиді ластаушы заттар шығарылуы мүмкін деп болжанып отырғанын растады.
- ҚР Экология кодексінің 111-бабына сәйкес, ауаны барынша аз ластау мақсатында зауыттың ең негізгі жабдығы — сұйытылған мұнай газын бөлу ребойлер пеші ең озық қолжетімді технологиялар (ЕОҚТ) негізінде жасалған, - дейді Саид Сабитов
Ескене тұрғындарын басқа елді мекенге көшіру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты сауалға Сабитов «Халықты көшіру мәселелері мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады және олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тиісті жоспарлары мен бағдарламалары шеңберінде қарастырылады» деп жауап берді.
Бұған дейін ескенеліктер «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы елді мекеннің ауа сапасын тексеріп, құрамынан ластаушы заттар таппағаны туралы жауап алғанын айтқан. Біз «Қазгидрометтен» нақты не анықтағанын білу үшін ресми сауал жолдадық. Бізге келген жауапта тұрғын үй аймақтарында атмосфералық ауа сапасына мемлекеттік мониторинг жүргізетіні, тұрақты бақылау жүргізуді ұйымдастыру қажеттілігі халық саны, елді мекеннің аумағы және атмосфералық ауаның нақты ластану деңгейі ескеріле отырып айқындалатыны айтылған. Осыны ескере келе, «Ауыл халқының қазіргі санын ескере отырып, осы кезеңде Ескене ауылында атмосфералық ауа сапасына тұрақты мониторинг жүргізуді ұйымдастыру орынсыз деп есептеледі» дейді.
Ал сөз болып отырған тексеру – «атмосфералық ауа сапасына өлшеу жүргізу мақсатында жоспардан тыс іссапар» деп аталады екен. Ауаның құрамында не барын анықтау жұмысы жергілікті тұрғынның өтініші бойынша биыл 23 қазанда Экология департаментімен бірлесіп жүргізілген. Күкіртсутек, көміртек оксиді және күкірт диоксиді концентрациялары шегінен асқан-аспағаны тексерілген.
Осы аталған зиянды заттардың концентрациялары Aeroqual 500 сериялы портативті газталдағыш құралы арқылы ауылдың тұрғын аймағындағы екі нүктеде қарастырылған.
Сол кезде жүргізілген өлшеу нәтижелері бойынша көміртек оксидінің шекті жол берілетін концентрациядан (ШЖК) 2,8 есеге дейін асқаны анықталған.
- Атап айтқанда, 2026 жылғы 23 қазанда сағат 11:20-да тұрғын аймақта орналасқан өлшеу нүктесінде көміртек оксидінің концентрациясы 14,17 мг/м³ құрады. Өлшенген өзге көрсеткіштер бойынша белгіленген нормативтерден асу жағдайлары анықталған жоқ. Топырақ жамылғысына жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша мұнай өнімдерінің мөлшері 1,2 мг/кг құрады. Атмосфералық ауа мен топырақ жамылғысына жүргізілген өлшеулер мен зерттеулердің нәтижелері осы хатқа қоса тіркеледі, - дейді «Қазгидромет» филиалының басшысы Салауат Төленов.
Оның сөзінше, филиал атмосфералық ауаның жай-күйін бақылауды «Қоршаған ортаның жай-күйіне бақылау жүргізу» жоспарына сәйкес жүзеге асырады. Аталған бақылау жоспарына Ескене елді мекені енгізілмеген. Осыған байланысты Ескене ауылында атмосфералық ауа сапасына жоспарлы мониторинг жүргізілмейді.
- Сонымен қатар, атмосфералық ауаның сапасына түнгі уақытта зерттеулер мен өлшеулер жүргізілмейтінін хабарлаймыз, - дейді Төленов.
Ал NCOC ресми сауалымызға жауапты тағы кешіктіріп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ескене тұрғындарының шаңға, шуға және жағымсыз иіске қатысты шағымдары, сондай-ақ олардың тұрғын үйлерге жақын маңда өнеркәсіптік нысандарының салынуына байланысты алаңдаушылығы туралы «АЖ» жазған болатын.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +0.6