
2026 жылғы 5 желтоқсаннан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметтер тізбесі кеңейтіледі. Өзгерістер медициналық анықтамаларды рәсімдеу, шетелде паспорт алу, шетел азаматтарын тіркеу, әлеуметтік төлемдер, балабақшалардағы балаларды тегін тамақтандыру және кәсіпкерлік қызметті лицензиялау мәселелерін қамтиды.
Мемлекеттік қызметтер тізіліміне тиісті түзетулер Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 18 қарашадағы бұйрығымен бекітілді.
Мемлекеттік қызметтер тізбесіне қандай медициналық құжаттар енгізіледі?
Жаңартылған тізілімге денсаулық сақтау саласындағы бірқатар қызмет қосылады. Олардың қатарында:
баланың денсаулық паспортын рәсімдеу;
жеке медициналық кітапша беру;
шетелге шығуға арналған № 072/у нысанындағы медициналық анықтама алу;
сауықтыру лагерлеріне баратын оқушыларға арналған № 071/у нысанындағы анықтама алу;
мигранттардың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды рәсімдеу;
жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жатқызуға жолдама алу бар.
Сондай-ақ стационарлық науқастардың медициналық карталарынан үзінді көшірме және МӘМС аясында қосалқы репродуктивтік технологиялар бойынша процедураларға жолдама алу қызметтері жаңа редакцияда жазылды.
Кімдер тегін немесе жеңілдікпен жол жүру мүмкіндігін пайдалана алады?
Тізілімге жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін тұрғылықты елді мекенінен тыс жерге баруы қажет қазақстандықтарға тегін немесе жеңілдікпен жол жүру мүмкіндігін ұсыну қызметі енгізіледі.
Әңгіме тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі аясындағы емделу туралы болып отыр.
Бұл ретте қызметтің тізілімге енгізілуі барлық пациентке автоматты түрде тегін жол жүру мүмкіндігі беріледі дегенді білдірмейді. Көмек алу шарттары тиісті нормативтік актілермен айқындалады.
Балалы ата-аналар үшін не өзгереді?
Түзетулер білім беру және отбасыларды әлеуметтік қолдау саласындағы бірнеше мемлекеттік қызметті қамтиды:
балаларды мектепалды даярлық сыныптарына қабылдау;
мамандандырылған спорт мектеп-интернаттарына қабылдау;
балабақшалардағы тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін тамақпен қамтамасыз ету;
бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау.
Шетелдегі қазақстандықтар үшін қандай қызметтер өзгереді?
Қазақстаннан тыс жерлерде паспорт рәсімдеу, баланың тууын, қайтыс болу фактісін, некеге тұруды және некені бұзуды тіркеуге қатысты тізілім ережелері жаңартылды.
Өзгерістер шетелде азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер мен анықтамалар алуға да қатысты болады.
Шетел азаматтары үшін не өзгереді?
Түзетулер көші-қон қызметтерін қамтиды. Олардың қатарында ЖСН рәсімдеу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, виза, тұруға рұқсат және ықтиярхат алу бар.
Бизнес үшін қандай жаңа мемлекеттік қызметтер пайда болады?
Тізілімнің кеңеюі туристік компанияларға, авто мектептерге, әуе тасымалдаушыларына, омарташыларға, төлем ұйымдарына және қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына қатысты болады.
Атап айтқанда, туристік саладағы кәсіпкерлер шығындарының бір бөлігін өтеу, авто мектептерді арнайы тізілімге енгізу, омарталарға ветеринариялық паспорт рәсімдеу және бірінші санаттағы төлем ұйымдарын лицензиялау қызметтері қарастырылған.
Өзгерістер қашан күшіне енеді?
Бұйрықтың күшіне енуінің негізгі мерзімі – 2026 жылғы 5 желтоқсан. Жекелеген ережелер үшін басқа мерзім – 2027 жылғы 1 қаңтар белгіленген.
Мемлекеттік қызметтің тізілімге енгізілуі оны eGov арқылы бірден алуға болады дегенді білдірмейтінін ескерген жөн. Өтініш беру тәртібі, рәсімдеу мерзімі, құны және қажетті құжаттар тізбесі мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен айқындалады.
В Атырау +1.5