Атырау, 25 қараша 16:13
 снегВ Атырау +1.5
$ 458.28
€ 501.45
₽ 5.59

Онлайн казиноның астыртын әлемі: Ақтөбеде екі адамға үкім шығарылды

48 рет қаралды
фото Canva
фото Canva

Ақтөбеде заңсыз онлайн казино ұйымдастырған екі адамға төрт жыл алты айдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бәс тігуді қабылдау үшін пайдаланылған банк шоттары арқылы 100 млн теңгеден астам қаражат өткен. Кассациялық сот заңсыз ойын бизнесінен түскен кірісті мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы қаулы шығарды.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың хабарлауынша, астыртын казино 2024 жылдың наурызынан қарашасына дейін жұмыс істеген. Ойыншылар мессенджер арқылы кассирмен байланысып, банк деректемелерін алып, көрсетілген шоттарға ақша аударған. Түбіртекті жібергеннен кейін олардың ойын балансы толтырылып, рулетка, покер және лото ойындарына қол жеткізу мүмкіндігі берілген.

Ұтыстар да кассир арқылы төленген. Қаржылық операциялар үшін ұйымдастырушылар өзге адамдардың атына рәсімделген үш банк шотын пайдаланған. Тоғыз ай ішінде бұл шоттарға 100 млн теңгеден астам қаражат түскен.

Бірінші сатыдағы сот К.Н. мен К.Г.-ны аса ірі мөлшерде табыс табу мақсатында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп таныды. Екеуіне де мүлкін тәркілей отырып, төрт жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Алайда қорғау тарапы кассациялық сатыға жүгінді. Адвокаттар К.Н.-ға тағайындалған жазаны жеңілдетуді, ал К.Г.-ны толық ақтауды сұрады. Сонымен қатар олар кінәні дәлелдейтін айғақтар мен анықталған табыс сомасына да дау айтқан.

Кассациялық сот банк үзінділерін, хат алмасуларды және ойыншылардың айғақтарын зерделеді. Нәтижесінде К.Н.-ның өзге адамдардың шоттары арқылы бәс тігуді қабылдап, ұтыстарды төлеуді ұйымдастырғаны, ал К.Г.-ның қаржылық есеп айырысуға қатысқаны анықталды. Бірлескен қызмет пен міндеттерді бөлісу алдын ала сөз байласқанын растады.

Неліктен мемлекет 100 млн теңгені қосымша өндіріп алды?

Заңсыз казино қызметінен түскен ақшаны өндіріп алу мәселесі де қаралды.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар табыс мөлшерін анықтағанымен, оны мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы шешім қабылдамаған. Прокурор бұл бөлікке шағым түсірді.

Кассациялық сот айыптау тарапының ұстанымын қолдап, 100 млн теңгені мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы қаулы шығарды.

Сот заңсыз ойын бизнесінен түскен табысты анықтау кезінде барлық түсім сомасы есепке алынатынын түсіндірді. Құмар ойындарды ұйымдастыруға жұмсалған шығындар бұл сомадан шегерілмейді.

Қалған бөлігінде сот үкімдері өзгеріссіз қалдырылды. Осылайша, сотталғандардың екеуі де тағайындалған жазаларын өтеуді жалғастырады.

Бүгін, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.