
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) фракциясының депутаттары Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Осыған қатысты депутаттық сауал Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
Өтініш авторлары қолданыстағы шектеулер халық денсаулығын қорғау үшін жеткіліксіз деп санайды. 2025 жылғы қаңтардан бастап 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынғанына және 2026 жылдың басынан бастап акциздер енгізілгеніне қарамастан, депутаттар келтірген мәліметтер бойынша, мұндай сусындарды тұтыну көлемі әлі де өсіп келеді.
Депутаттар келтірген Энергетикалық сусындарды өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 215 млн литр энергетикалық сусын сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 млн литрге жеткен.
Сондай-ақ депутаттық сауалда энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынумен байланысты жүректің ауыр аурулары туралы деректер келтірілген.
Атап айтқанда, 2025 жылғы маусымда Павлодар қаласында 20 жастағы жігіт ауыр жүрек жеткіліксіздігімен жансақтау бөліміне түскен. Сауалда келтірілген ақпаратқа сәйкес, ол шамамен екі жыл бойы күн сайын төрт банкаға дейін энергетикалық сусын ішкен. Оған уытты кардиомиопатия диагнозы қойылған.
Тағы бір жағдай 2025 жылғы желтоқсанда Алматыда болған. Онда 34 жастағы ер адамға жүрек трансплантациясы жасалған. Депутаттар сілтеме жасаған БАҚ жарияланымдарына сәйкес, науқас күн сайын 8–10 банка энергетикалық сусын тұтынған.
Сонымен бірге әрбір нақты жағдайда энергетикалық сусындарды тұтыну мен аурулардың пайда болуы арасындағы себеп-салдарлық байланыс медициналық тұрғыдан расталуы қажет.
Депутаттар Үкіметтен не талап етті?
Парламент депутаттары қолданыстағы жас шектеуінің тиімділігін, соның ішінде онлайн сатылымдарға бақылау жүргізу мәселесін тексеруді, энергетикалық сусындардың денсаулыққа әсеріне ғылыми зерттеу жүргізуді және сатылымдағы сусындардың құрамындағы кофеин мен басқа да сергіткіш заттардың нақты мөлшерін тексеруді ұсынды.
Сондай-ақ энергетикалық сусындардың қаптамасы мен БАҚ-тағы және әлеуметтік желілердегі жарнамасына қойылатын ескерту талаптарын күшейту ұсынылды.
Ең қатаң бастама – Қазақстан аумағында энергетикалық сусындарды өндіруге, әкелуге және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігін зерделеу.
«Ұлт денсаулығы энергетикалық сусын өндірушілер үшін пайда көзіне айналмауы керек», – делінген ЖСДП депутаттарының сауалында.
В Атырау +1.5