Атырау, 26 қараша 10:12
 дождьВ Атырау +0.8
$ 458.57
€ 501.54
₽ 5.57

Тоқаев пен Путин Мәскеуде: жасанды интеллект пен экономика талқыланды

59 рет қаралды
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Владимир Путинмен кездесті. Мемлекет басшылары жасанды интеллект, цифрландыру, сауда-экономикалық ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.

Кездесу Тоқаевтың жасанды интеллект жөніндегі AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысу үшін Мәскеуге жасаған жұмыс сапары аясында өтті.

Тоқаев Путинді Трамппен және Си Цзиньпинмен өткен кездесудің нәтижелерімен құттықтады

Келіссөздер барысында Қазақстан Президенті Владимир Путин, Дональд Трамп және Си Цзиньпиннің 19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен үшжақты саммитінің қорытындысына пікір білдірді.

«Тарихтың дәл осындай күрделі кезеңінде, геосаясат, былайша айтқанда, ойнақ салып, яғни мүлдем тұрақсыз сипат алған тұста, Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қарап, қуандым», – деді Тоқаев.

Ол кездесу қорытындысын Ресей дипломатиясының жетістігі деп атап, үш ел көшбасшылары қабылдаған декларацияға оң бағасын берді.

Еске салайық, 19 қарашада Шэньчжэньдегі саммит қорытындысы бойынша Ресей, АҚШ және Қытай халықаралық қауіпсіздік пен ядролық қатерлерді азайту мәселелерін қамтитын бірлескен декларация қабылдады.

Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы 30 млрд долларға жақындап келеді

Келіссөздердің едәуір бөлігі экономикалық ынтымақтастыққа арналды.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей тауар айналымын 30 млрд долларға жеткізу мақсатына қарай жұмысын жалғастырып келеді.

Қазақстан Президенті бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы туралы да мәлімет берді.

«Күн тәртібінде осы уақытқа дейін 178 жоба болды. Оның 124-і қазірдің өзінде жүзеге асырылды, қалған жобалар іске асырылу сатысында немесе аяқталуға жақын», – деді ол.

Владимир Путин өз кезегінде елдер арасындағы өзара есеп айырысудың 90 пайыздан астамы ұлттық валюталармен жүргізілетінін атап өтті.

Мемлекет басшылары энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты да талқылады.

Тоқаев «Сбер» мен «Яндекс Қазақстанды» ерекше атап өтті

Кездесудің жеке тақырыбы жасанды интеллектіні дамыту болды.

Тоқаев Қазақстан цифрландыруға басымдық беріп отырғанын, ал 2026 жыл Жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жарияланғанын еске салды.

Оның айтуынша, Қазақстан электрондық үкіметті дамытуға қатысты БҰҰ рейтингінде 24-орыннан 16-орынға көтерілген.

Президент Ресейдің технологиялық компанияларының Қазақстан нарығындағы қызметіне де тоқталды.

«Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда жақсы ұсынылған. Әрине, "Сберді", сондай-ақ еліміздегі ірі жұмыс берушілердің бірі болып саналатын "Яндекс Қазақстанды" ерекше атап өткім келеді», – деді Тоқаев.

Ол Қазақстанның киберқауіпсіздік саласындағы Ресей тәжірибесін зерделеуге мүдделі екенін де айтты.

Владимир Путин қазақстандық әріптесіне AI Journey 2026 конференциясына қатысқаны үшін алғыс айтып, жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Бүгін, 09:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.