
Аумағы 31 мың шаршы метрден асатын жаңа нысанды 2028 жылғы ақпанда пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ақтөбеде әмбебап спорт кешені салынады. Оны салу және жабдықтау үшін Инфрақұрылымды дамыту қорынан 18,8 млрд теңге бөлінді. Жоба «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ғимарат ішінде бірнеше функционалды аймақ қарастырылған:
облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге арналған 5 мың көрерменге шақталған басты арена;
олимпиадалық стандартқа сай 50 метрлік жүзу бассейні;
спорттық және көркем гимнастикаға арналған арнайы залдар;
баскетбол, волейбол және футзал залдары;
йога және пилатеспен айналысуға арналған залдар.
Бөлінген қаражат есебінен жаттығу аймақтары кәсіби жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Спортшыларды даярлауға отандық және шетелдік жаттықтырушыларды тарту жоспарланып отыр. Ғимарат ішінде және оған іргелес аумақта қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қарастырылады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, қазір Ақтөбе облысында 770 спорт нысаны жұмыс істейді. Олар тұрғындардың спорт нысандарына деген қажеттілігінің 73,2 пайызын қамтамасыз етеді.
В Атырау +0.8