Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Атырау қаласын көгалдандыру бойынша конкурс жариялады. Күткеніміздей, кеш жария етті. Естеріңізге салсақ, биыл мұнай астанасын көгалдандыру жұмыстары бойынша тендердің орнына МЖӘ (мемлекеттік-жеке әріптестік) шеңберінде ұйымдастыру жоспарланып отыр. 7 наурызда билік көгалдандыру маусымы нағыз қызған шақ - 5 сәуірде жабылатын конкурсты жариялады.
Жоба құны 4 млрд 574 млн теңге, ал жүзеге асыру мерзімі 2023 жылға дейін жоспарланған. Билік қоғамдық бірлестіктерге, жеке кәсіпкерлерге, ЖШС-лерге, басқа да заңды тұлғаларға, тіпті, консорциумдарға – жалпы, ниет білдірген және қолынан келетіндердің бәріне көгалдандырумен айналысуды ұсынды.
Жалпы алғанда, билік конкурс жеңімпазы Атыраудың жасыл-желек қорын кеңейткенін, көшеттерді өсіру үшін, сондай-ақ, халықтың таза ауада демалуына қолайлы жағдай жасағанын қалайды. Алайда қаланы абаттандыру және көгалдандыру бойынша жалпы тұжырымдама әзірге әзірленіп жатыр.
Ал өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенсек, сәуірдің басында, ағаштардың жапырақтары бүр жара бастағанда, қысқы ұйқыдан оянған қарағаштың жапырақжегі қоңыздары көкке ауыз салады. Олар санаулы аптада ағаштың бүкіл жасыл бөлігін жалмап тастайды. Тағы да солай бола ма? Осы сұрақты Атырау фитосанитариялық диагностика және болжамдар бюросы Атырау бөлімшесінің басшысы Ізбасар ҚАБИЕВҚА қойған едік:
- Иә, соңғы кездері қарағаш жапырақжегісі қаламыз үшін үлкен проблемаға айналды. 2014 жылдан бастап ағаштар тұрақты өңделеді. Бұл олардың зиянкестерге қарсы иммунитетін арттырады. Бірақ жыл сайын уақытында өңдеу жүргізілмесе, қарағаш жапырақжегісінің ошағы жаңа күшпен тұтануы мүмкін.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА