Атырау, 24 қараша 23:39
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сиыр, тауық және зейнетақы

8 374 просмотра
Көрнекі сурет
Көпбалалы отбасы әр бала үшін 21 мың теңге алады. Н. Назарбаевтың аз қамтылған көп балалы отбасыларға жәрдемақы төлеу туралы тапсырмасынан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында осындай сүйіншілеген атаудағы жарияланымдар толып кетті. 4 немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған әрбір отбасы айына кемінде 84 мың теңге алатын болды деп қуанып та жатты. Енді егжей-тегжейін анықтап көрейік.


«АЖ» бұдан бұрын да осы әлеуметтік көмек туралы жазған еді. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК), егер отбасының жалпы табысы барлық мүшелерге бөлген кезде кедейлік шегі деп аталатын күнкөріс минимумының (29,698 теңге) 50 пайызына жетпесе тағайындалады.

Осы 50%-ды (14 849 теңге) президент 70% -ға көтеруге тапсырма берді, бұл - 20 800 теңге. Егер отбасы мүшелерінің әрқайсысына кірісті бөлген кезде 20 800-ге жетпесе, онда АӘК тағайындалады. Бірақ бұл өзгерістер әзірге бекітілген жоқ.

Атаулы әлеуметтік көмектің өзі екі түрге бөлінеді: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Шартсыз көмек – еңбекке жарамды мүшелері жоқ отбасына (мысалы, мүгедектер немесе егде зейнеткерлер отбасылары) немесе еңбекке жарамды мүшелері объективті себептермен жұмыспен қамту бағдарламаларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғызбасты анаға) беріледі. Мұндай отбасылар үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті қатысу талап етілмейді.

Шартты ақшалай көмек ең кемі бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларына әлеуметтік келісімшарт жасап және барлық жұмысқа қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуды қолдау шараларына міндетті түрде қатысу шартымен беріледі.

Алайда, отбасы мүшелерінің біреуі жұмысқа орналасудан бас тартса, барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің төлемдері 50% төмендейді, екінші рет төлемдер тоқтатылады, бірақ балаларға арналған төлемдер төлене береді.

Джохар УТЕБЕКОВ: «Көпбалалы отбасындағы әр балаға 21000 теңге тағайындау туралы Президенттің уәдесіне шабыттанып қалсаңыз, мұныңыз бекер. 4-ші баланы өмірге әкелуге асықпаңыз. Төлемдер тек Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) туралы заңға ілігетін отбасыларға ғана төленеді. Ол үшін отбасының әр мүшесі ресми кедейлік шегінде өмір сүруі керек. Қазір кедейлік шегі шамамен 15 мың теңге. Оны 21 мың теңгеге дейін көтеруге уәде беріп отыр. Бюджеттің әрбір көпбалалы кедей отбасына 84 мың теңгеден төлей алатындығына күмәнім бар. Көп ұзамай нақты тұжырымдамалары бар заң жобасы мəжіліске жіберіледі. Сонда біз осы төлемдердің қаншалықты нақты екендігін түсінеміз».


ТАБЫСҚА НЕ КІРЕДІ?

Ал АӘК тағайындау кезінде есептелетін табысқа не кіреді, бұл басқа мәселе.

Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек алуға отбасының жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес, Қазақстанда және одан тысқары жерде есепті кезеңде алынған табыстың барлық түрі есептеледі:

1) еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыс;

2) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы ҚР кодексінде көрсетілген балаларға және басқа да асырауындағыларға алимент түрiндегi табыс;

3) жеке қосалқы шаруашылықтан - мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақша өсiрудi қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетін табыс;

4) кәсiпкерлiк қызметтен түсетiн табыс;

5) жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарын жалға беруден және сатудан түсетiн табыс;

6) бағалы қағаздардан түсетiн табыс;

7) жылжымайтын мүлiктi, көлiк құралдарын және басқа да мүлікті сыйға тарту, мұрагерлiкке алу түрiнде алынған табыс;

8) кредитті (шағын кредитті) пайдаланудан түсетiн табыс;

9) өтеусіз алынған ақша түріндегі табыс;

10) ақша салымдары және депозиттер бойынша сыйақылар (мүдде) түріндегі табыс;

11) ақшалай аударымдар түріндегі табыс;

12) конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар, салымдар мен борышкерлiк бағалы қағаздар бойынша алынған ұтыстарды қоса алғанда, ақшалай және (немесе) заттай түрдегi табыс.

Сондай-ақ төмендегілер отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды:

1) атаулы әлеуметтік көмек;

2) тұрғын үй көмегі;

3) жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы;

4) отбасына төтенше жағдайлар салдарынан денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянды өтеу мақсатында көрсетілген көмек;

5) бала тууға байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақылар;

6) күнкөрісі төмен отбасылар қатарындағы білім алушыларға білім беру ұйымдарында ҚР білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес көрсетілетін қаржылай және материалдық көмек;

7) азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына байланысты «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 қаулысына сәйкес, мемлекеттік бюджеттен және өзге де көздерден көрсетілген ақшалай немесе зат түріндегі көмек;

8) облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада қалыптасқан ең төмен күнкөріс деңгейін есептеу кезеңінде белгіленген кедейлік шегінен төмен жалпы сомасы ақшалай және зат түрінде (құнын бағалауда) көрсетілген қайырымдылық көмек.

Есептi кезеңде көрсетiлген қайырымдылық көмек ең төмен күнкөрiс деңгейiнің кедейлік шегінен асып түскен жағдайда, көрсетiлген көмек сомасы мен облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада есептi кезеңде қалыптасқан ең төмен күнкөріс деңгейi арасындағы айырма жиынтық табыста есепке алынады;

9) азаматтардың тегін немесе жеңілдікпен протездеуге бару жолына ақы төлеу;

10) протездеу уақытында азаматтарды ұстау;

11) азаматтардың елді мекеннен тыс жерлерге емделуге тегін немесе жеңілдікпен жол жүру құны;

12) ҚР заңнамасына сәйкес көрсетілген заттай көмек түрлері:

дәрілік препараттар;

санаторлық-курорттық емдеу;

протездік-ортопедиялық бұйымдар (жасау және жөндеу);

мүгедектерге бөлінген жүрiп-тұру құралдары (кресло-арбалар) мен басқа да оңалту құралдары;

тегін тамақтандыру және білім беру ұйымдарында ҚР білім туралы заңнамасына сәйкес көрсетілетін көмек;

13) ата-ананың қарауынсыз қалған жетім баланы және (немесе) балаларды асырап алумен байланысты біржолғы ақшалай төлемдер.


ОСЫНДАЙ ОТБАСЫ БАР

Яғни, еңбекақы, зейнетақы, шәкіртақы, мүгедектерді тәрбиелеуге арналған жәрдемақы, көп балалы аналарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілері және т.б. арналған жәрдемақылар, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтағы сиыр, қой және тауық табыс ретінде қарастырылады.

Мысал келтірейік. Менің бір таныс құрбым ауылдық жерде тұрады, отбасында 8 адам – күйеуімен екеуі, ата-енесі және төрт баласы бар, яғни, көпбалалы отбасы. Ата-енесі зейнеткерлер, екеуі 124000 теңге алады. Күйеуі өзін-өзі қамтамасыз етуші - айына 10 000 теңгеге жуық; құрбымның өзі жұмыссыз ретінде тіркелген, мекенжайы бойынша әлеуметтік жұмысқа орналасқан, ол жерден биылғы қаңтардан бастап 38000 теңге (зейнетақы жарналары ұсталмағанда 42 500 теңге), сондай-ақ, 4 баласына 10 504 теңге алады. Бәрін қосқанда отбасылық табыс 182 504 теңге. Бұл соманы 8 адамға бөлеміз= 22 813 теңге (бұл жерде АӘК тағайындалмайды).

Бұл ауладағы сиыр, қой және тауықтарды қоспағандағы сома. Өйткені әр үй жануарының өз құны бар. 2019 жылы әр тоқсан бойынша бір сүтті сиырдан есептелетін табыс - 51 150, түйе – 57 018, жылқы – 52 842, ұсақ жандықтар – 6096, тауық – 953 теңге болды. Құрбымның ауласында 10 тауық, 2 сиыр мен 3 қой бар. Яғни, тоқсан сайын тауықтар үшін 9530 (10*953) теңге, сиыр үшін 101 372 (50686*2) теңге, қой үшін 18288 (6096*3) теңге табыс болып қосылады, барлығы - 129 190 теңге. Мұны 3-ке бөлеміз, сонда айына шамамен 43 000 теңге шығады. Бұл соманы 8 адамға бөлгенде 5 375 теңге болады.

Айына отбасының әр мүшесіне 22 813 + 5375 = 28 188 теңге табыс тиесілі.

Аталмыш табыстардың барлығы шартты және шартсыз көмек тағайындалған кезде есептеледі.

Президент тапсырмасынан кейін не өзгерді – кедейлік шегі көбейтіледі, отбасылық табыстан шәкіртақылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға жәрдемақы, көпбалалы аналарға және алтын мен күміс алқалар үшін жәрдемақылар  алынып тасталады. Болды.

Қарайғанның бәрін табыс деп көрсеткен, бірақ ауыл тұрғындары малға жем-шөпті сатып алуға ақшаны қайдан алатынын ойлаған ешкім жоқ.  Бұл да шығын ғой. Егер әрбір сиыр айына орта есеппен 2 орама шөп жейтін болса, оны сатып алу үшін 9 000 теңге жұмсалады. Оған қоса қой мен тауықтарға да азық керек.

Сонда "таза табыс шығыстарды шегергеннен кейін ғана саналады" деген экономика заңын ешкім ойламағаны ма?

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

3 наурыз 2019, 13:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.