Астанадағы бес бүлдіршіннің қазасынан кейін көпбалалы аналар тарапынан наразылық толқындары әлі де толастаған жоқ: Қазақстанның әр өңірінде әйелдер әлеуметтік жәрдемақыларды көтеруді талап етуде. «AЖ» бүгінде мемлекет тарапынан не жасалып жатқанын және таяу болашақта не жоспарланғанын анықтап көрді.
Төрт және одан да көп бала тәрбиелейтін отбасыларға 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін 8-9 мың теңге мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленді. Бірақ кейін оны атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) біріктірді. Ал құжаттарды 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін рәсімдегендер 2019 жылы 10 504 теңге болатын жәрдемақыны ала береді.
АӘК деген не?
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда үш түрлі арнайы мемлекеттік жәрдемақының орнына атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төленеді.
Бұрын әр мүшесінің табысы күнкөріс минимумының 40%-нан төмен болатын отбасылар 18 жасқа толмаған балаларға жәрдемақы; аз қамтылған отбасыларға арналған жәрдемақы; аз қамтылған үй шаруасындағы әйелдерге берілетін әлеуметтік көмек алуға құқылы болды. Енді жәрдемақының бұл үш түрі атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) біріктірілген.
АӘК қалай төленеді?
Егер отбасының жалпы табысы барлық мүшелерге бөлген кезде 29,698 теңге болатын күнкөріс минимумының 50 пайызына жетпесе, яғни, олар кедейлік шегінен төмен (14 849 теңге) болса, АӘК тағайындалады.
Мысалы, отбасында 6 адам (4 бала), жалпы табысы 100 000 теңге. 100000/6 =16 666; бұл сома кедейлік шегінен асып кетеді, бұл отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды.
Немесе
8 адамнан тұратын отбасы (6 бала), жалпы табысы 80 000 теңге. 80000/8 = 10 000;
14 849 – 10 000 = 4849;
4849х 8 = 38 792 - бұл отбасы үшін ай сайынғы АӘК осындай.
АӘК 2 түрге бөлінеді: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Шартсыз көмек – еңбекке жарамды мүшелері жоқ отбасына (мысалы, мүгедектер немесе егде зейнеткерлер отбасылары) немесе еңбекке жарамды мүшелері объективті себептермен жұмыспен қамту бағдарламаларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғызбасты анаға) беріледі.
Мұндай отбасылар үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті қатысу талап етілмейді, ал ақшалай көмек тоқсан сайын тағайындалады және ай сайын төленеді.
Шартты ақшалай көмек ең кемі бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларына беріледі. Ол халықты жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, 6 айға әлеуметтік келісімшартқа қол қоюға тиіс. Осы келісімшарт бойынша аз қамтылған азаматтар жұмыс табуға міндеттеледі, ал жергілікті деңгейде тиісті атқарушы орган ретінде мемлекет оған жұмысқа орналасуға көмектесуге міндеттеледі.
Ағымдағы жылдың 1 ақпанындағы ахуал бойынша Атырау облысында 2035 отбасы (10 949 адам), оның ішінде облыс орталығында 340 отбасы (1 769 адам) АӘК алады.
«Алтын алқа» (7 және одан да көп бала) және «Күміс алқа» (6 және одан да көп бала) төсбелгілерімен марапатталған немесе «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар 6,4 АЕК - 16 160 теңге көлемінде ай сайын мемлекеттік жәрдемақы алады. Бұл өмір бойына беріледі және отбасы табысына қарамастан тағайындалады.
1 ақпандағы ахуал бойынша Атырау облысында 5557 «Күміс алқа» иелері, 3594 - «Алтын алқа» иелері, сондай-ақ, 10 және одан да көп бала тәрбиелейтін 983 батыр ана тұрады.
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналар:
- көлік және жер салығынан;
- мекен-жайын тіркеу, төлқұжат және жеке бас куәлігін беру кезінде нотариаттық және заңдық маңызды іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баждардан және т.б. төлемнен босатылады.
Сондай-ақ көпбалалы отбасылар:
- төртінші және одан кейінгі балалар үшін ай сайын 22473 теңге жәрдемақы (бала бір жасқа толғанға дейін төленеді);
- төртінші және одан кейінгі балалар туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы - 159,075 теңге (бала туған кезде бір рет төленеді) алуға құқылы.
«АЖ»-ға берген сұхбатында қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АӘК секторының меңгерушісі Жаңылсын СИДАЛИЕВА орталыққа мемлекет белгілеген кедейлік шегі мөлшерімен келіспейтін отбасылар көп хабарласатынын атап өтті.
- Олар бір адамға 14 849 теңгенің өте аз екенін айтады. Өйткені отбасы табысы ретінде бәрі ескеріледі: шәкіртақы, мүгедектік бойынша жәрдемақы, ата-анасының зейнетақылары. Бірақ біз заңға сәйкес жауап береміз.
НЕ БОЛАДЫ?
Қазақстанда Астана қасіретінен кейін балалар құқығы бойынша кеңес құрылды, үкіметте көпбалалы отбасылардың проблемаларын қарайтын жұмыс тобы ұйымдастырылды. Кейбір аймақтарда өңірлік қолдау шаралары жасалып жатыр.
Астана
Астана әкімі Бақыт СҰЛТАНОВ жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде көп балалы аналарға кейін сатып алынатын жалдамалы тұрғын үй берілетінін, сондай-ақ, көпбалалы отбасылардың балалары елордалық жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар алатынын хабарлады.
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы көпбалалы аналарға енді әлеуметтік көмектің келесі түрлерін ұсынады:
- қалаішілік жолаушылар көлігінде тегін жүру (таксиден басқа);
- 8 наурызда 2,5 АЕК көлемінде біржолғы ақшалай төлем (6313 теңге);
- егер көпбалалы жанұяда орташа жан басына шаққандағы табыс 3 күнкөріс минимумынан (92991 теңге) аспаса, Астананың жоғары оқу орындарынан білім алу ақысын төлеу.
Алматы
Оңтүстік астанада «Бақытты отбасы» арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Қалалық бюджеттен бастапқы жарнаны төлеу үшін 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттары бөлінеді. Бұдан басқа, осы бағдарлама аясында аз қамтылған отбасылардан шыққан оқу үздіктеріне шәкіртақылар төленеді: жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттеріне айына 10 мың, оқушыларға 5 мың теңге. Сондай-ақ аз қамтылған отбасылар үшін екінші баладан бастап балабақша тегін болады.
Маңғыстау облысы
2019 жылдың екінші тоқсанында көпбалалы аз қамтылған отбасылар 100 мың теңге көлемінде біржолғы төлем алады. Мүгедектерге, жетім балаларға және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға конкурстық негізде өз бизнесін құру үшін 500 мың теңгеге дейін грант бөлінеді.
Бұдан басқа, өңірдің Астана мен Алматының республикалық медициналық орталықтарынан шалғайлығын ескере отырып, мүгедек балаларға және оларды апарушы тұлғаларға екі бағытта ұшу ақысын төлеу жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылдың сәуірінен бастап Ақтауда және Ақтау-Мұнайлы ауданының ауданаралық бағытындағы қоғамдық көліктерде, ал тамыз айынан бастап Жаңаөзен қаласында көпбалалы аналар тегін жүреді.
Атырау
Атырау облысында штаб құрылып, оған 100-ге жуық көпбалалы отбасы жүгінді. Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ өзінің жуырдағы дәстүрлі жылдық есебінде жұмыссыз көпбалалы аналарға, жалғызбасты аналарға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және әлеуметтік осал топтарға жататын аналарға қолдау көрсету бойынша қосымша шаралар әзірлегенін мәлімдеген еді.
- Бұл, атап айтқанда, жаңа мамандықтарды оқыту бойынша қысқа мерзімді білім беру курстары: тігін ісі, шаштараз ісі, аспаздық, бухгалтерия, емдік массаж, интернет-сауда дағдылары және басқалар. Бірінші кезеңде 200 адамды қамту жоспарланып отыр. Курстар 15 күнге созылады, содан кейін қатысушыларға сертификаттар беріледі, - деді әкім.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА