Индербор кентінде жалпы ұзындығы 61,5 км болатын кәріз құбырын тартуға жалпы 2 млрд 56 млн теңге қаралып, жұмыстарды мердігер «Дияр и К» ЖШС атқарып жатыр. Тұрғындар тағы да респуликалық бюджеттен 114 млн теңгеге 2016 жылы салынып, пайдаланылуға берілген төсемтастардың бұзылып, көшелердің қазылып жатқанын айтып жатыр.
- Кентте қазылмаған жер қалмады. О баста мамандар қайда қараған, жоспарлаған кезде кәріз желісі болатыны неге ескерілмеген,-дейді зейнеткер Ғайни ҒАБДУЛЛИНА.
«Дияр иК» ЖШС-нің учаске бастығы Сергей КУЧИНСКИЙ де осы сауалды алға тартады:
- Осы төсемтастар төселместен бұрын кәріз жүйесі түсетіні жөнінде жергілікті әкімдікке ескерткенбіз, енді келіп екі есе шығын шығып жатыр. Енді мұны өз қаржымызға салуымыз қажет.
Аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ:
-Бұл нысанның тапсырыс берушісі - облыстық құрылыс басқармасы. Нысанның негізгі жұмысы аяқталғанымен біз мемлекеттік қабылдауды келесі жылға қалдырамыз. Оның себебі, суық түсуіне байланысты кесілген асфальт пен жаяу жүргінші жолдарды қайта жасауды тоқтату жөнінде аудан әкімдігі атынан облыстық әкімдікке ұсыныс білдірдік. Ал бөлінген қаржының соңғы он пайызын ЖШС есепшотына аудармай отырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор