Атырау, 25 қараша 22:47
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тәулік шыдасақ, төтенше жағдай да жариялар

2 181 просмотра


Облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВ ағымдағы жыл басынан бері АМӨЗ-де отын газы алауға үш рет түскенін хабарлады. Сәйкесінше, мұнай астанасының тұрғындары зауыт жақтан «отты шоуды» үш рет тамашалаған.

- Қазір АМӨЗ-де әртүрлі күрделілік дәрежесіндегі негізгі және қосалқы жабдықтарды дәйекті баптауды және пайдалануға беруді қарастыратын мұнайды терең өңдеу кешенін іске қосу-реттеу жұмыстары жалғасуда, - деп жауап жазды Қ.Қапанов «АЖ» редакциясының сауалына. – 12 шілдеде сағат 17-де компрессор тоқтап, отын жүйесінен алауға газ кеткен. Алауда жанған газ тек 2 сағат өткеннен кейін тоқтатылды. Осы факт бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде экологиялық зиян көлемі мен айыппұл санкциясының мөлшері анықталады.

- Жыл басынан бері АМӨЗ алауында қанша газ өртеу фактілері тіркелді?

- Соңғысын қосқанда – үшеу. Алғашқысы 17 мамырда болды: сағат 18.40-та іске қосу-реттеу жұмыстары барысында каталитикалық крекинг қондырғысында газ компрессоры уақытша тоқтатылып, алауға отын жүйесінен газ кеткен. Тексеру жұмыстары 17,7 тонна отын газының өртелгенін анықтады. Экологиялық зиян тигізгені үшін айыппұл 1 миллион теңге болды. Екінші факт: 12 маусымда сағат 15.25-те К-6802 «Атлас Копко» ауа компрессоры тоқтап, нәтижесінде каталитикалық крекинг қондырғысында K-0251 технологиялық газ компрессорының бұғаты іске қосылып, отын жүйесінен алау коллекторына  бақыланбалы газ кеткен. Қазіргі кезде Департамент осы оқиға бойынша жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жақында «Ақжайық» реезрватында және қалалық қоқыс полигонында болған өрттерге қатысты «АЖ» тілшісі кейінірек департамент қызметкерлеріне: «Атырауда экология бойынша Төтенше жағдай жариялау үшін қандай жағдай болуы тиіс?» деген сұрақ қойды. Сөйтсек, ол үшін ауадағы зиянды заттардың мөлшері кем дегенде нормадан 50 есе асып, бұл «амбре» кем дегенде 24 сағатқа созылуы керек екен. Ал  департаменттегілер зиянды заттардың, әдетте, Атырауда ұзақ тұрмайтынын, олардың желмен далаға ұшатынын айтты.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

30 шілде 2018, 15:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.