Атырау, 25 қараша 04:50
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Арнасы толған Жем қайда?

Сурет Бейнежазба
6 142 просмотра


Биыл Ақтөбенің Мұғалжар тауынан келетін өр суының аздығынан Жылыой ауданындағы өзен-көлдерге су жетпеуіне байланысты балықтар қырылып, мал шаруашылығы қиындыққа тап болды.

Құлсары қаласына жақын орналасқан Қамыскөл суы тартылып кеткен.

- Неге Жем өзеніне бөгет салып, суды реттемейді?- деп сұрайды тұрғындар.

- Су қоймасын салатындай мүмкіндік жоқ, себебі біз табиғи суға ғана тәуелдіміз, су өте аз,- дейді Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВ. - Кеңес үкіметі кезінде Ақтөбеден су қоймасын салу айтылған. Бірақ бәрі аяқсыз қалды. Құлсары қаласынан 160 шақырым қашықта жатқан Каспий теңізіне Жем өзенінің құйылуы 1990 жылы ғана болды. Онда да су тасқыны болған кезде. Одан бері қаншама жыл өтті, өзен мен теңізге құяр саға кеуіп жатыр. Бұрын Құрсай өзегінің Қамыскөлге құяр тамағын тереңдетіп қазып, бұл тығырықтан шығып жүр едік. Биылғы келген өр суы тым аз болды, қамыс өсіп кетті.

Осы судың аздығынан Жем ауылдық округіне қарасты Тұрғызба ауылынан батысқа қарай 20 шақырым жердегі Жыңғылды көлде шілденің басында балық қырылды.      

- Жуырда келген комиссия зерттей келе, көлдегі балықтың қырылуы су аздығынан болған деген акт жасап кетті,-дейді Жем ауылдық округінің әкімі Бисенбай КАРИЕВ. – Көлде сазан, шортан, карас сияқты балықтар бар. Балық аулап жеке кәсіп жүргізетіндей бізде көп балық жоқ, жеке адамдарға қармақпен белгіленген тәртіппен аулауға рұқсат етілген. Алайда енді аулайтын да ештеңе қалмаған шығар...

Су шаруашылығының ардагері, зейнеткер Мұқаш БӨЛТЕКОВ ауданға қарасты «Аралтөбе» жерінен 1965 жылдары су қоймасын салу жұмыстары басталып, аяқсыз қалғанын айтты. Ол осы істі кері қолға алу керек деп есептейді.

- Жем өзенінде жеткілікті су бар, тек оны тиімді пайдаланбай отыр. Жер-жерге жайылып, буланып ысырап болып, бостан-босқа ағып жатыр,- дейді М. Бөлтеков. - Судың негізгі көлемі сәуір-маусым айларында келеді. Аралтөбеден су қоймасын жасап, құбырлар арқылы тартып, шабындықтар мен жайылымға, егінге су жеткізуге болады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

30 шілде 2018, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.