2018 жылдың бірінші жартысында «Атырау Су Арнасы» КМК кірісі 1 млрд 617 млн теңге, шығысы - 1 млрд 632 млн теңге болды. 7 млн 114 мың текше метр су сатылды. Бұл көрсеткіштерді брифингте «Атырау Су Арнасы» КМК директорының міндетін атқарушы Руслан ҚҰРМЕТОВ мәлімдеді.
«АЖ» сауалдары:
- Сізде тұтынушылар саны қанша?
- Биылғы жылдың 1 шілдесінде бізде 102 мың 503 тұтынушы болды, соның ішінде, 3 мың 929-ы заңды тұлға.
- Тұтынушылар тарапынан бережақ мөлшері қандай?
- Бүгінгі есеппен - 10 миллион 363 мың теңге. Біз осы соманы азайту жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырамыз. Тізімдер қарыз мөлшеріне байланысты топтарға бөлінген. Борышкерлерді тұрақты түрде сотқа береміз. Барлық талап арыздар, әдетте, біздің пайдамызға шешіледі, содан кейін сот орындаушылар өз істеріне кіріседі.
- Сіздің бақылаушылар үйлерді аралап, қарызды өтеуді талап етеді. Кейде қол көтеру, жанжалмен аяқталып жатады. Сол іс немен аяқталды?
- Бұл азаматтық іс сотта қаралды. Нәтижесі ме? Қазір бұл сұраққа жауап бере алмаймын.
- Тұтынушылар тарапынан қандай заң бұзушылықтар болады?
- Жыл басынан бері жеке тұлғалардың суды қызмет көрсету шартынсыз пайдаланған 58 фактісі мен есептегіш аспабындағы пломба бұзылған 156 фактісі анықталды.
- Қазір ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған сіздің кәсіпорынның бұрынғы директоры Андрей ТАШЛЫКОВТЫҢ ісі бойынша сот процесі жүріп жатыр...
- Сот шешімін күтейік.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ