30 сәуірде Авангард ықшамауданындағы үйлердің бірінде тұрғын мен «АтырауСуАрнасы» КМК қызметкерлері арасында қол жұмсауға дейін барған жанжал шықты.
Редакциямызға көпбалалы ана Елена Иль хабарласты:
- 6 мың теңге қарызым бары рас. Әр айдың 25-іне дейін төлеуім керек екенін білемін. Алайда ақшам болмағандықтан 21 сәуір күні 2 мың теңге төлеп тастаған болатынмын. Қалғанын 10 мамырға дейін төлейтінімді ескерттім. Ал 30 сәуірде су арнасының қызметкерлері үйіме баса көктеп кірмекші болды. Есікті жабуға тырыстым. Олар қатты итеріп, саусақтарымды қысып, қолымды қанатып тастады. Шашымды тартып, кішкентай балаларымның көзімше ұрып-соқты. Есігімді сындырып кеткендіктен, қазір ашық есікпен ұйықтап жүрміз.
«АтырауСуАрнасы» КМК-нің баспасөз қызметі болса да, бізге болған оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Алайда осы жанжалға қатысқан қызметкерлердің бірімен сөйлесудің сәті түсті.
- Осындай оқиға болғаны рас. Олар қарыздарын ешқашан толық төлеген емес. Балаларын аяп, қарызды бөліп алып жүретін едік. Сол күні үйіне қалған қарызды сұрап барғанымызда қасымдағы Нұржамал есімді қызметкерді шапалақпен тартып жіберді. Осы кезде оны шамамен 10 жастағы баласы да қосылып ұра бастады. Мен оқиғаны телефонға түсіре бастаған кезде телефонымды тартып алды да, жазбаны кетіріп үлгерді. Есігі бұрыннан сынық болатын, біз сындырған жоқпыз,- дейді мекеме қызметкері Светлана ТАСТАНОВА
Атырау қалалық ІІБ 30 мамыр күні екі тараптан да арыз түскенін растады. Енді жанжалдасқан әйелдер сот-медициналық сараптамадан өтпек.
Фархат ӘБІЛОВ