23 сәуірде Атырау қалалық №2 сотында аса ірі мөлшерде өзіне сеніп тапсырған мүлікті иемденді деп айып тағылған «АтырауСуАрнасы» КМК бұрынғы басшысы Андрей ТАШЛЫКОВ пен бөлім бастығы Гүлмира ОЖЫРАЕВАҒА қатысты сот процесі жалғасты.
Осыған дейінгі сот отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет ұлттық бюросының тергеушісі Ғибат КУКАТОВ пен Атырау облыстық сот сараптамасы институтының сарапшысы Дәурен МҰХАМЕДЖАНОВТАН жауап алынды.
Бүгін, 23 сәуірде, сотталушылардың адвокаттары Тамара ЖҰБАНЫШЕВА мен Аслан ЖОЛБОЛОВ сараптама нәтижесі көшірмеге сүйеніп жасалғандықтан, тағылған айыптаулармен өзінің қорғалушысы келіспейтінін мәлімдеп, Атырау облыстық Сот сараптама институтының жасаған сараптама нәтижесін заңсыз деп тану және сот отырысын қазіргі басты сот талқылауы кезеңінен алдыңғы сот тыңдалымына кері қайтаруға талап-өтініштер түсірді.
Судья Мейрамбек НАҒАШЫБАЕВ жоғарыда аталған талап-өтініштер бойынша шешім шығару үшін 24 сәуірге дейін үзіліс жариялады.
Естеріңізге салсақ, Ташлыков өткен жылдың қазан айынан бері тергеу изоляторында отыр, ал Ожыраева ешқайда кетпеу туралы қолхат арқылы үйіне босатылған. Олардың тағы бір болжалды сыбайласы – «АСА»-ның бұрынғы бөлім бастығы Виталий ОЛЕЩЕНКО бірден кінәсін мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келіп, өзі келтірген 2,9 млн теңге шығынды өтеген болатын. Сондықтан оның ісі жеке қаралып, ақпан айында 5 жылға шартты түрде бостандығынан айырылды. Қазір бұрынғы жерінде жұмыс жасап жатыр.
Фархат ӘБІЛОВ