Бұдан бір ай бұрын газетімізге өзі және отбасы туралы (болашақ мұғалімнің әкесі мұнай кен орнында оператор болып жұмыс істейді) айтқан «Қазақстан аруы- 2018» Альфия ЕРСАЙЫН жүлдеге алған 3 миллион теңгенің бір бөлігін жойды. Ол Рамазан айының алғашқы күнінде қаламыздағы №1 мектептің аз қамтылған 22 оқушысына сыйлықтар үлестірді.
Мағжан Жұмабаев (бұрынғы Ленин) есімімен аталатын №1 мектеп өткен жылы жазда апатты деп танылып, жабылған. Ал оқушылар қазір №18 мектепте уақытша білім алып жатыр.
№1 мектеп директоры Гүлжан ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ айтуынша, Альфия бір ай бұрын мектеп басшылығына шығып, ораза айында осындай акция өткізгісі келетінін хабарлаған. Бұдан кейін сынып жетекшілері көмекке мұқтаж отбасылардың ата-аналары арқылы қажетті заттарының тізімін жазып берген.
- Қайырымдылық акциясын жасауға біздің мектепті таңдағаны үшін ұжым мен ата-аналардың атынан Альфия Ерсайынға үлкен алғысымызды айтамыз. Алдағы әлем аруы сайысында жеңіске жетуіне тілекшіміз!
- Альфия, өзің басқа мектепте білім алдың. Қайырымдылық жасауға неге осы оқу орнын таңдадың?
- Өзім Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын сүйіп оқимын. Сондықтан да осы мектепті таңдадым. Бұдан кейін де қайырымдылық жасау жөнінде басқа да жоспарларым бар.
Мектеп ұжымы мен оқушылары бұл шараға дайындалғандары көрініп тұрды. Олар қайырымдылық акциясы барысында ән айтып, би биледі. Ал еліміздің ең әдемі қызы әкелген дорбаларда әртүрлі сыйлықтар: рюкзак, спорттық аяқ киімдер, костюмдер болды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Фото және видеоны түсірген автор