Атырау, 23 қараша 00:47
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Қазақстан аруы»: Мұғалім мамандығын тастамаймын

Сурет
7 224 просмотра


Наурыз айында өткен «Қазақстан аруы- 2018» байқауында атыраулық 16 жасар Альфия ЕРСАЙЫН жеңімпаз атанған болатын. Жас арумен «АЖ» тілшісі сұхбаттасты.

- Альфия, өзің туралы айтшы.

- Мен Атырау облысы Мақат ауданы Байшонас поселкесінде 2001 жылы тудым. Әкем Қарсақ мұнай кенорнында оператор болып жұмыс жасайды, анам үйде, отбасында үш баламыз: апам тұрмысқа шықты, ағам – студент. Қазір жасым 16-да. 2013 жылы Байшонасты облыс орталығына көшірген болатын. Біз де отбасымызбен Атырауға көшіп келдік. Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің «Бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі» мамандығының ІІ курс студентімін. Кейін осы мамандық бойынша ЖОО-ға  түсемін.  Болашақта мұғалім болғым келеді. Қазір мектепте тағылымдамадан өтіп жатырмын. Ұстаздық жолын таңдауым қате болмағанын түсіндім.

- «Қазақстан аруы» мектепте сабақ беріп жүр! Бұған оқушыларың мен ұстаздарың қалай қарайды?

- Астанадан келгеннен соң, 2 күн демалып, мектепке тағылымдамаға шығып кеттім. Оқушыларым мектеп дәлізінде көріп, менімен суретке түсіп жатады. Бұл - күлкілі әрі қуанышты. Тіпті кейбір оқушылар «Бізге Альфия апай сабақ берсінші» деп сынып жетекшілеріне өтініш айтады екен (күлді). Мектеп ұстаздары да білмегенімді үйретіп жатыр. 

- Болашақта ұстаздық пен сән әлеміндегі мансабыңды қалай ұштастырмақсың?

- Оқушыларға білім беру менің басты өмірлік мамандығым болады. Қазір жасым небәрі 16-да. Бәріне үлгеремін деп ойлаймын. Жоспарым көп, бірақ мұғалімдікті тастамаймын. кетпек емеспін.

- Сән әлеміне қалай келдің?

- Өзім бала кезімнен би үйірмелеріне қатыстым. Теледидардан сұлу бикештерді көріп, солардың іс-қимылын қайталайтын болдым. Есімде, әпкемнің бояуларын алып, бетімді бояп тастап, өз-өзіме «Қандай сұлу қызбен» деп таңғалатынмын. Шын мәнінде бетімнің бәрі далап-далап болып жүретінмін (күлді). Осы істерім ықпал етуі керек, 13 жасымда сән агенттігіне келдім. Ата-анамның тарапынан қарсылық болмады. Өйткені, сән агенттігі орналасқан ғимаратқа ағам әкеледі, шығарда күтіп алады. Кейде дайындығымызды анам да қарайтын болды. Дефиле, сахнада жүріп- тұру, сөйлеу мәдениетін, дұрыс бояну және өз- өзінді еркін ұстау секілді модель білуі керек істерді үйреніп алғаннан кейін, алғашқы сән көрсетілімдеріне шыға бастадым.

- Алғашқы дефилең несімен есіңде қалды?

- Жасөспірімдерге арналған киімдерді жарнамалаған болатынбыз. Бірнеше киімдерді кигеннен кейін, өз- өзімді еркін ұстай бастадым. Кейін бейнежазбадан өзімді көріп, таңғалдым. Қатты қобалжысам да, сыртқа көрсетпеппін. Келесі осындай жағдай «Қазақстан аруы- 2018» байқауында болды.


- Байқауға қалай дайындалдың?

- Алдымен жергілікті бауқаудың жеңімпазы болдым. Республикалық байқауға дайындалу уақыты аз болды, жасайтын шаруа көп еді. Бізге қазақтың ұлттық көйлегін дайындау керек болды. Осы кезде Ақтау қаласында орналасқан «Нұр- Шах» сән үйінің көмегіне жүгіндім. Бір қызығы, менің көйлегімді тіккен кейін осы сән үйі әйгілі футболшы Криштиану Роналдуға шапан тігіп берген екен. Негізі білу керек нәрсені біз аймақтық сұлулық конкурсында үйреніп алған едік.

- Сен бір сәтте бүкіл елге танымал болдың. Жауапкершілікті сезініп жүрсің бе?

- Атырау аруы атанған кезден бастап жауапкершілікті сезіне бастадым. Өйткені мұнайлы астананы республикалық деңгейде таныстарып, Атыраудың атынан 30 қызбен сынға түсу де оңай емес. Шынымды айтсам, басында жеңімпазы атанғаныма сенбедім. Басыма тәж кигізген кезде де, сенбей тұрдым. Келесі күні ұйқыдан тұрсам, әлеуметтік желідегі оқырмандарымның саны бірнеше есеге өсіп, менің атымнан түрлі жалған парақшалар ашылыпты. Осы кезден бастап сене бастадым. Құттықтауларда есеп болмады.

- Байқауда қазылар шешімі оқылғаннан кейін «лайықты емес» деген сияқты түрлі жағымсыз пікірлер айтылды. Бұл саған қалай әсер етті?

- Басында қобалжыдым, алайда мен  сында сынып қалатын қыз емеспін. Негізі мінезім - жайлы, жайдарлы қызбен. Айтпақшы,  Атырау аруы атанған кезде мен туралы жағымсыз бейнежазба таралды. Осы бейнежазбаны көріп, көңіл күйім түсіп, 3 күн үйден шықпай қойған болатынмын. Кейін тағы да болды. Уақыт өте етім үйренді. Ата-анам, бауырларым арнайы елордаға келіп, мені қолдады. Солардың арқасында жағымсыз пікірлердің ешқайсына мән бермедім. Мені қолдаған барлық қазақстандықтарға алғыс білдіремін!

- Осындай арулар байқауына қатысушылардың өзара «құшақтасып», жымиып күлу астарында жеккөрушілік пен қызғаныш жатады деген пікір бар. Бұл туралы не айтасың?

- Жалған. Қазақстанның түкпір- түкпірінен келген қыздар бір үйдің балаларындай болды. Бір- бірімізге көмектестік. Иә, тәж кию қатысқан қыздардың арманы ғой, бірақ адамдық деген бар ғой.  


-Байқаудың бас жүлдесі 3 млн теңге не істемек ойың бар?

- Қайырымдылыққа жұмсаймын. Қарттар үйі мен балалар үйіне жәрдемдесемін. Байқауға дейін де оларға жиі барып, көместескім келетін. Қазір қаржы бар, көмектесуге де үлкен мүмкіндік туып тұр. Бұл ісімді өз-өзіме жарнама деп атайтындар бар. Бәріне жағу, ұнау мүмкін емес.

- Қазақ қызының бойынан табылуы керек қасиеттерді атап өтші?

- Алдымен тәрбиелі, ақылды болуы қажет. Сонымен қатар үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсететін, әр жерде өз орынын білетін және білімді болуы керек.

- Сенің бойыңнан осы қасиететтерді таба аламыз ба?

- Күмәніңіз бар ма?

- Сұлу қыздардың интеллекті туралы «кітап оқымайды, білімдері аз» деген сияқты керағар пікірлер бар...

- Бұл пікірдің иесі – «Қазақстан ару-2016» байқауының әділ қазылар мүшесі, актер Әнуар Нұрпейісов қой. Кітап оқығанды жақсы көремін. Қолым қалт етсе, кітап оқимын деп айта алмаймын, бірақ айына 1-2 қазақ жазушыларының кітабын оқуға тырысамын. Шыны керек соңғы айда байқауға байланысты кітап оқи алмадым. Осының орнын толтыру үшін бірнеше кітап сатып алған болатынмын. Ал актер Нұрпейісов пікіріне келсек, байқауда қыздарға тиіскені дұрыс болмады-ау деймін, өйткені сол кезде қыздар қобалжып сұраққа жауап бере алмай қалды деп ойлаймын.


- «Әлем аруы- 2018» байқауына дайындықты бастап кеттің бе?

- Әлемнің 150-ден астам ең сұлу қыздары қатысатын бұл байқауға дайындықты бастадық. Қазір ағылшын тілін меңгеру үстіндемін. Өйткені әлем аруы Ұлыбританияның астанасы Лондонда өтеді. Нақталап өтпей-ақ қояйын, нәтижесін көресіздер.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттер Альфия Ерсайынның жеке мұрағатынан

13 сәуір 2018, 10:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.