Атыраудағы Мағжан Жұмабаев (бұрынғы Ленин) атындағы №1 мектеп 1935 жылы салынған. Өткен жылы жазда алғашқы қоңырау салтанатты жиналысы қарсаңында ескі ғимарат апатты деп танылып, жабылды. 1 қыркүйектен бастап барлық 475 оқушы № 18 мектепке уақытша көшірілді.
Салтанат ЖОЛДИЕВА, Атырау қаласының тұрғыны:
- Қиналып отырған біздің балаларымыз. Таңертең ерте кетіп, қараңғыда келеді. Маған өте қиын. Өзім жұмыста жүрген адаммын. Төрт балам мектепке өздері барып, өздері қайтады.
Ғалымжан НАПИХОВ, ата-ана:
- «Бұзып, жаңа мектеп саламыз» деген әуелде. Бірақ әлі ештеңе жоқ. Құрылыс неге басталмады? Ескі мектептің артында бос жер бар. Сол жерге жаңа мектеп салсын, балалар әзірге ескі ғимаратта оқи берсін.
№18 мектепке ауыстырылған оқушылар қазіргі уақытта мектеп ішінен бөлінген арнайы сыныптарда білім алып жатыр. Ата-аналар ашуының тағы бір себебі - білім бөліміндегілер мен мектеп басшысының жағдайды ашып түсіндірмеуі. Оларға осы уақытқа дейін мектептің қайта ашылатынын немесе мүлдем сүрілетінін түсіндіріп айтпаған.
Гүлжан ҚОЖАХМЕТОВА, М. Жұмабаев атындағы мектеп директоры:
- Апатты жағдайда болуына байланысты қазір біз №18 мектепте оқып жатырмыз. Барлық сабақ үлгісі стандартқа сай жүріп жатыр. Ешқандай кедергі жоқ.
№1 мектептің ғимараты бастапқыда емхана ретінде салынып, кейін білім ошағына айналған. Білім ордасы апатты деп танылғаннан кейін жергілікті билік мәселе биыл шешіледі деп отыр. Егер республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе...
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ
Суретті және бейнежазбаны түсірген Ғани САҒЫНДЫҚОВ