Атырау, 24 қазан 12:38
 дождьВ Атырау +8.6
$ 451.05
€ 504.95
₽ 5.60

Криштиану Роналду: мансабындағы табыс 2 миллиард доллардан асты

51 рет қаралды
фото Instagram @cristiano
фото Instagram @cristiano

Португалиялық футболшы Криштиану Роналду мансабындағы жиынтық табысы 2 млрд доллардан асқан тарихтағы алғашқы белсенді спортшы атанды.

Бұл туралы Forbes басылымы хабарлады.

Басылымның бағалауынша, Роналду бүкіл мансабында шамамен 2,1 млрд доллар табыс тапқан. Бұл сомаға футбол клубтарындағы жалақысы мен бонустары, жарнамалық келісімшарттардан және жеке бизнесінен түскен кірістер кіреді.

Бұл ретте аталған көрсеткіштер салықтар мен агенттердің комиссияларын шегергенге дейінгі табысты қамтиды және инфляция ескерілмеген.

Forbes есептеулері бойынша, Роналду тек футбол алаңындағы қызметі арқылы шамамен 1,4 млрд доллар табыс тапқан.

Соңғы жылдары оның табысының едәуір бөлігін Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубымен жасалған келісімшарт қамтамасыз етіп отыр. Forbes басылымы 2026/27 жылғы маусымда футболшының табысын шамамен 300 млн долларға бағалайды. Оның ішінде клубпен жасалған келісімшарттан шамамен 250 млн доллар, ал жарнамалық келісімдер мен басқа да коммерциялық жобалардан тағы 50 млн долларға жуық кіріс түседі деп күтілуде.

Роналду төртінші жыл қатарынан әлемдегі ең жоғары жалақы алатын футболшы атанып отыр.

Салыстыру үшін, Лионель Мессидің мансабындағы жиынтық табысы шамамен 1,8 млрд долларға бағаланады. Forbes аргентиналық футболшы да жақын арада 2 млрд долларлық межеден асады деп күтеді.

Алайда Роналдудың жеке байлығы оның мансап бойындағы жалпы табысынан едәуір төмен. Forbes футболшының қазіргі капиталын шамамен 1,2 млрд долларға бағалайды.

Бүгін, 11:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.