Атырау, 2 мамыр 10:33
 ашықВ Атырау +23
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Шетелдіктің 40 мың теңгесін қағып алған такси жүргізушісі жұмыстан шығарылды

1 749 просмотра


Шетелдіктің әуежайдан қонақүйге дейін жеткізіп салғаны үшін 40 мың теңгесін алдап алған такси жүргізушісі жұмыстан шығарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

"Шетелдіктің тап болған жағдайын тексеруден кейін жүргізушімен келісімшарт үзілді. Ол таксомотор паркінде жұмыс істемейді", - деді Астана әкімдігіндегі брифингте Жолаушылар көлігі басқармасының жетекшісі Бекмырза Игенбердинов. 

Оның айтуынша, такси қызметтері ендігіде бірыңғай тариф бойынша қызмет ұсынады. Такси жүргізушісі таксометрді іске қоспаса, жолаушы діттеген жеріне тегін жетіп алады. 

"Барлық таксомотор компанияларының жетекшілерін шақырып, қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бүгін біз шартты бірыңғай тарифке өттік, таксомотор компанияларымен келісімшартқа қол қойдық, онда тариф белгілі бір көрсеткіштен аспауы тиіс. Бұл мәлімет вокзалда, әуежайда, қонақүйлерде ілінеді, енді шетелдіктер жол құны қанша болатынын түсінетін болады", - деді ол.

Еске салайық, Венгрия азаматын әуежайдан қалаға жеткізген астаналық такси жүргізушісі алдап кеткен еді. 6 маусымда 14.00-де полицияға Венгрия азаматы шағым түсірген, ол белгісіз такси жүргізушісінің алаяқтық жолмен 40 000 теңге иемденіп кеткенін айтқан. 

"Жедел-іздестіру шаралары барысында "Сарыарқа" ІІБ полицейлері 33 жастағы жүргізушіні ұстаған, ол шетел азаматын алдап, әуежайдан Желтоқсан көшесінде орналасқан қонақүйге жеткізгені үшін көп мөлшерде ақы алған", - дейді елордалық ІІД өкілдері. 

Такси жүргізушісі аккредитациядан өткен, жеке адам тасуға құқығы бар екені анықталды. Осы дерек "Алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелген еді.  Ал кейін такси жүргізушісі шетелдіктің ақшасын қайтарып берген болатын.

Дереккөз: Tengrinews.kz


13 маусым 2017, 12:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.