Атырау, 13 қараша 15:51
 дождьВ Атырау +6.2
$ 443.62
€ 492.24
₽ 5.36

Мемлекет басшысы қазақ тіліндегі ұғымдардың қолданылуын қолдады

24 рет қаралды
Иллюстрациялық фото
Иллюстрациялық фото

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен X құрылтайында Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселені көтерді. Әсіресе күнделікті қолданыста төл діни ұғымдардың орнына араб тілінен енген сөздерді қолдану үрдісіне назар аударылды.

ҚМДБ мәліметінше, Құран оқу, дұға жасау және зікір айту сияқты құлшылықтарды араб тілінде орындаудың терең рухани мәні бар және оны құрметтеу қажет. Алайда күнделікті өмірде қалыптасқан қазақы ұғымдарды сауатты қолдану — ана тілімізге деген құрметтің айқын көрінісі.

Сөздегі дәстүр мен сабақтастық

Халқымыздың салт-дәстүрімен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан ұғымдарға ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, қазақ тілінде «ифтар» мен «сухур» сөздерінің орнына «ауызашар» және «сәресі» деген төл ұғымдар бар.

«Үлкенге де, кішіге де түсінікті „Ауызашарға келіңіз“ немесе „Сәресіге тұрайық“ деген сөздер отбасы мен қоғамды біріктіріп қана қоймай, тілдік және рухани мұрамызды да сақтайды», — делінген материалда.

Осыған ұқсас жағдай бес уақыт намаздың атауларына да қатысты. Күнделікті қарым-қатынаста, уағыздарда және намаз кестелерінде «таң», «бесін», «екінті», «ақшам» және «құптан» атаулары көпшілікке барынша түсінікті әрі тілдік дәстүрімізге толық сәйкес келеді.

«Ахи» мен «ухтидің» орнына «бауырым» мен «ағам»

Соңғы уақытта қоғамда бір-біріне шетелдік үлгіде, яғни «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат» немесе «сестра» деп үн қату әдеті белең алып келеді.

Материал авторларының пікірінше, мұндай жағдайда «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам» немесе «қарындасым» деген төл сөздерді қолданған әлдеқайда үйлесімді. Бұл сөздер жылылық пен құрметті білдіріп қана қоймай, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу сияқты ұлттық құндылықтарымызды да танытады.

Ата-бабадан қалған рухани тәрбие

Қазақ халқының даналығы ғасырлар бойы ана тілі арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. «Аманатқа қиянат жасама», «Кісі ақысын жеме», «обал болады» және «сауап болады» деген ұғымдар жас ұрпақты бала кезінен адалдыққа, жауапкершілікке және адамгершілікке тәрбиелеген.

Осы рухани қазынаны сақтау үшін қазіргі қоғам аталған сөз орамдарын қолданып қана қоймай, олардың мән-мағынасын күнделікті өмірмен байланыстыра отырып, жас ұрпаққа терең түсіндіруі қажет.

Бүгін, 15:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.