
«Самұрық-Қазына» қоры мен ҚТЖ басшылары ұсталғаннан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын түбегейлі азайту және квазимемлекеттік сектор компанияларының жұмысын сапалы жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Мемлекет басшысы жоғары лауазым да, еңбегі де, туыстық байланыстар да жауапкершіліктен босатуға негіз болмауы керектігін атап өтті.
«Жоғары лауазым әрдайым және барлық жерде жоғары жауапкершілікті талап етеді. Атқаратын қызметіне, сіңірген еңбегіне немесе байланыстарына, соның ішінде туыстық қатынастарына қарамастан, ешкім заңнан тыс қалуға құқылы емес. Бұл — менің берік ұстанымым», — деді Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде.
Президент соңғы уақытта билік бірқатар келісімдер мен шарттарды қайта қарағанын, оның пікірінше, олардың кейбірі қате жасалғанын да айтты.
Сонымен бірге Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес кәсіпкерлік қызметті шектеуге әкеп соқпауы керектігін атап өтті. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын бизнесті тексеруге тағы үш жылдық мораторий енгізу жөніндегі тапсырмасын еске салды.
Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттік компаниялардың осал тұсы
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қарамастан, ұлттық компаниялардың үздіксіз жұмысы мен жобаларын іске асыру үдерісі тоқтамайтынына сендірді.
Президенттің пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен күрес, керісінше, инвесторлар мен кредиторлардың қорға деген сенімін арттырып, оның қызметін тиімді әрі ашық етуге тиіс.
«Алайда осы өрескел оқиға көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мемлекеттік компаниялардың осал тұсы болып қалып отыр», — деді Тоқаев.
Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлықпен күрес және квазимемлекеттік сектордың қызметін жақсарту жөніндегі нақты ұсыныстарды 24 қарашаға дейін енгізу тапсырылды.
Қайтарылған активтер және «Халықтық құрылыс» жобасының сапасы
Президент Бас прокуратураның заңсыз иемденілген 1,3 трлн теңгеден астам активті қайтаруды қамтамасыз еткенін еске салды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бағытталған. Оның 383-і қазірдің өзінде пайдалануға берілген.
Сонымен қатар Тоқаев атқарылған жұмыстардың сапасына қатысты мәселе көтеріп, әсіресе жол құрылысы саласындағы проблемаларға назар аударды.
Мемлекеттік қаражаттың дұрыс жұмсалуын арнайы Мемлекеттік комиссия бақылайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланбақ.
Президент сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдарға қатысты қатаң пікір білдіріп, оларды Әділетті Қазақстан құруға қарсы күштер деп атады.
«Ал сыбайлас жемқорлар тобы — „Халықтық құрылысқа“ нұқсан келтіріп, оның жұмысына кедергі жасау жоспарын әлдеқашан ойластырып жүрген жауларымыз. Бұған, әрине, жол бермейміз», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев жолдар, әуежайлар, емханалар, мектептер, оңалту орталықтары мен спорт нысандарын қоса алғанда, барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары құрылысының сапасын қамтамасыз етуді талап етті.
Еске салайық, бұған дейін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президент «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚТЖ басшыларының ұсталуын мемлекеттік компанияларда ауқымды сыбайлас жемқорлық бар екенін көрсететін аса маңызды белгі деп атаған болатын. Сондай-ақ ол жемқорлықпен күресте «өз адамдары» мен «бөтен адамдар» деп бөлу болмайтынын мәлімдеді.
В Атырау +6.2