
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары ұйым кеңесінің отырысына қатысу үшін елордаға жиналып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алдымен шағын құрамда өтетін отырысқа ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысады.
БАҚ өкілдеріне таратылған ақпаратта ШЫҰ саммитіне ұйымның байқаушы мемлекеттерінің басшылары: Ауғанстан Президенті Ашраф Гани Ахмадзай, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Беларусь Президенті Александр Лукашенко мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпурдың, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди мен Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Мухамад Наваз Шарифтің қатысатындығы айтылған.
Ал ШЫҰ-ның тұрақты іс басындағы органдарынан ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов, ШЫҰ Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры Евгений Сысоев отырысқа қатыспақ.
Мұнан бөлек, отырыста халықаралық ұйымдарынан келген басшылар да бар. Олар: БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің атқарушы директоры Гун Цзяньвэй, ТМД атқарушы комитетінің төрағасы, атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бас хатшысының орынбасары Аманжол Жанқұлиев, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының бас хатшысы Ле Лыонг Минь.
БАҚ өкілдеріне ұсынылған мәліметтерге сәйкес, күннің екінші жартысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы кеңейтілген құрамда өтеді. Оның барысында ұйымға Үндістан мен Пәкістан мүше ретінде қабылданады деп күтілуде. Осылайша, ШЫҰ жер тұрғындарының 40 пайызын, әлем экономикасының шамамен үштен бірін қамтитын болмақ.
Есте болса, бүгінде ұйымға Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше. Қазіргі уақытта ШЫҰ төрағасы - Қазақстан. Ал бүгінгі саммит барысында төрағалық Қытай тарапына өтеді. Отырыс соңында бірқатар құжаттарға қол қойылып, сәл кейінірек ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізеді.
Тәуелсіздік сарайындағы барлық шаралар аяқталғаннан кейін ШЫҰ саммитіне қатысушылар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатына қатысу үшін көрме аумағындағы Конгресс-холға бет алады.
Айта кетерлігі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім (Шанхай қаласы, 1996 ж.) мен Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге (Мәскеу қаласы, 1997 ж.) қол қойғаннан кейін қалыптасқан «Шанхай бестігі» негізінде құрылды. Ұйымның негізгі мақсаттары - 2002 жылы 7 шілдеде қабылданған ШЫҰ Хартиясына сәйкес өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту; саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру; энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы ынтымақтастықты қолдау.ШЫҰ мүше мемлекеттері Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан болып табылады. ШЫҰ жанындағы байқаушы мәртебесіне ие мемлекеттер - Ауғанстан, Беларусь, Үндістан, Иран, Моңғолия және Пәкістан. ШЫҰ сұхбат бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттер - Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Беларусь, Шри-Ланка, Түркия.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы - қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок немесе жабық альянс емес, ол кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған құрамы кеңейтілуі мүмкін ашық ұйым.
Дереккөз: ҚазАқпарат
В Атырау 0