Атырау, 15 қаңтар 00:54
 қар жаууы ықтималВ Атырау -6
$ 510.43
€ 594.86
₽ 6.49

ОСК: Сенат сайлауына 52 үміткер тіркелді

2 953 рет қаралды


Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы - сенаттың 16 депутатын сайлауға 52 үміткер тіркелді.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 16 депутаттық мандатқа 89 үміткер ұсынылып, оның 52-сі тіркеуден өткен. Тіркелген үміткерлердің 47-сі - ер, бесеуі - әйел. Үміткерлердің төртеуі - сенаттың қазіргі депутаттары, үшеуі - мәслихат депутаттары, 11-і - мемлекеттік қызметкерлер, 15-і - мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері.

Ресми мәлімет бойынша, тіркеу барысында 17 үміткер өз өтініші бойынша тіркеуден алынған, 13 үміткер табысы мен мүлкі туралы дұрыс мәлімет бергендіктен, 7 үміткер қажетті құжаттарын өткізбегендіктен тіркелмеген.

Сенат депутаттарын сайлауға үгіт-насихат жұмыстары 8 маусыда басталған. Үгіт-насихат 27 маусым күні аяқталады.

Сайлау сенат депутаттарының конституция бойынша белгіленген өкілеттіктерінің аяқталуына байланысты өткізілмек.

Сенатта 47 депутат бар. Оның 15-ін президент тағайындайды. Ал қалған 32-сін облыстық және Алматы мен Астана қалаларының мәслихат депутаттары сайлайды.

Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл. Әрбір үш жылда өкілеттігі аяқталған 16 депутат қайта сайланады. Соңғы рет сенат депутаттарын сайлау 2014 жылы өткен.

Дереккөз: Азаттық

9 маусым 2017, 09:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.