
Азия зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбековтің (суретте) ойынша, Орталық Азия одағын құру мүмкін емес. Себебі кеңестік жүйе ыдырағалы бері аймақ мемлекеттері саяси-экономикалық жағынан түбегейлі өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бұл - таза иллюзия. Себебі бізде қарама-қайшылықтар көп. Соның біразы шешуге де келмейді. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық жүйелері мүлдем ұқсамайды. Экономиканы ұйымдастыру шаралары да екі бөлек. Сондықтан ондай форматта қандай да бір одақ, я болмаса, бірлестікті құру мүмкін емес деп ойлаймын. Осы орайда Трамптың бір сөзімен келісемін. Кез келген жағдайда ұлттық мүдде мәселесі жоғары тұрады. Біріккеннен бұрын ол одаққа не істей алатыныңды, не бере алатыныңды түсініп алу қажет", - дейді Әкімбеков.
ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген Сұлтан Әкімбеков Орталық Азия елдерінің осы уақытқа дейін қалайша өзгергенін, сондай-ақ бір одақ аясында бірігуге кедергі болатын негізгі мәселелерге тоқталды.
"Енді қараңыз, 25 жыл жай өткен жоқ. Қазір Орталық Азияда экономиканы ұйымдастырудың екі моделі бар. Ол - мемлекеттік капитализм және нарықтық экономика. Оған қоса, екі бөлек саяси жүйелер бар. Бәріміз 25 жылдың ішінде қатты өзгердік. Сондықтан бізді салыстыруға болмайды. Мәселен, бүгінде Өзбекстан бәрін басқаша жасаймыз деп жатыр. Дегенмен, ескі жүйе әлі де бар. Ал ескі жүйеде аяқ тіреп, жұмысты жаңаша қалай жүргізуге болады? Бізде таза нарықтық экономика. Бұл - біздің басты айырмашылығымыз. Сол себепті алдымен аймақтың экономикасын бір ретке келтіріп алайық. Артынан бірігу мәселесін де қарастыруға болады", - деп атап көрсетті сарапшы.
Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған жыл сайынғы конференция басталды. Биылғы конференцияның тақырыбы - "Жаһандық трансформация жағдайындағы Орталық Азия". Жиынға Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мен Ресейдің сарапшылары қатысуда. Сол жерде депутат Мәулен Әшімбаев Орталық Азияда жаңа аймақтық бірлестікті құру мәселесін қайтадан көтерді. Ал Қазақ-неміс университеті жанындағы xалықаралық және аймақтық ынтымақтастық институтының директоры Болат Сұлтанов Орталық Азияның жаңа одағын "Түркістан бестігі" етіп құруды ұсынды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
В Атырау +1